Қазақ балуандары «Еуразия барысында» жеңіске жетті
Бірінші болып боз кілемге шыққан Айдос Сейпілұлы өзбекстандық қарсыласы Лазиз Маджидовты айқын басымдықпен жеңді. 66 келіге дейінгі салмақта белдескен Ғалымжан Әбдірахманов Хусен Осимовтың иығын жер иіскетті.
74 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Айдос Ғалымов Камолоддин Расуловты таза жеңіп, есепті 3:0-ге жеткізді. Ал Сұңғат Закариев қарсыласы Алишер Құдайбердиевті жеңіп, Қазақстан құрамасына мерзімінен бұрын жеңіс сыйлады.
90 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының балуаны Асыл Барменов қарсыласына есе жіберіп алды. Белдесудің аяқталуына 30 секунд қалғанда өзбек балуаны әдіске салып кетті. Кейінгі уақытта Асыл қарсыласынан айласын асыра алмады.
100 келіге дейінгі салмақта Мұхит Тұрсынов өзбекстандық Равшан Кусановты таза жеңіп, жанкүйерлер қуанышын еселей түсті. Ал соңғы белдесуде Айбек Нұғымаров қарсыласына есе жіберіп алды.
Үшінші орынды Ресей балуандарын жеңген Грузия құрамасы иеленді.
Айта кетейік, биылғы дода Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып ұйымдастырылды.