Қайратта ойнаған қорғаушы Сесар Арзо Таррагонаның (Испания) Химнастик клубында ойнайды. Бұл туралы команданың ресми сайты хабарлады. Футболшы мен команда басшылығы барлық құжаттар дайын болғаннан кейін келісімшартқа қол қоятын болады. Испания екінші лигасындағы клуб 19 турдан кейін 22 команда ішінде 18-орында тұр. Маусым соңында 19 бен 22-орын алған командалар төменгі лигаға түсетін болады. Сезар Арзо алматылық клубқа 2016 жылдың шілде айында ауысып келген еді. Командамен бірге ел чемпионатының күміс жүлдесін, Кубок пен Суперкубокты жеңіп алды. 49 ойынға қатысып, 3 гол соқты. Қорғаушы Испанияның Вильрреал командасының түлегі. Футболдағы мансабын 2002 жылы осы командада бастаған. Айта кетейік, Қайрат командасынан Жерар Гоу мен Жарко Марковичтің кеткені белгілі болған еді. Сондай-ақ, ресейлік футболшы Андрей Аршавинмен келісімшартын тағы бір маусымға ұзартқан болатын.