«Қайрат» ұлттық құрамаға ойыншыларын жібермейтін болды
Алматылық клуб Қазақстан құрамасының Қытаймен өткізетін ойынын жоспардан тыс ұйымдастырылған деп есептейді. Соған байланысты төмендегі ережелерді ұстана отырып, ойыншыларын жіберуден бас тартқан.
1. Футболдан ел біріншілігінің кестесін бұзып, ережені ескермеді;
2. 7 маусым – FIFA-ның еуропалық ұлттық құрамалар жолдастық кездесу өткізетін уақыты емес;
3. Жолдастық кездесудің уақыты Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының отырысына дейін белгіленіп, клубтардың келісімі қаралмаған;
4. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы әлі тағайындалған жоқ. Сондықтан да бұл жолдастық кездесудің спорттың дамуына әсері шамалырақ;
5. Қазақстан КФЛ жалпы жиналысын өткізу барысында жарғылық және әдептік қағидалар (ел чемпионаты турларын ауыстыру талқыланғанда, күнтізбе өзгертілгенде және ҚКФЛ президентін жаңадан сайлау барысында бірнеше мәрте) бұзылды, бұл ҚФФ президентінің қылықтарын құқықтық бағалау үшін 2016 жылдың 23 мамырында клубтың прокуратураға жүгінуімен ұласты.
«Қайрат» футбол клубы ұлттық құраманың жолдастық кездесулер өткізгенін қолдайды. бірақ біз демократиялық қоғамның заңдарын белден басып, бірнеше мәрте бұзу арқылы жүзеге асырылуына – түпкілікті қарсымыз. Бұл жағдай Қазақстан футболын басқарудың барлық жүйесіне нұқсан келтіреді және сенімге селкеу түсіреді. Біз осы үндеумен еліміздегі барлық субъектілер арасындағы (Федерациямен, Лигамен, клубтармен, футбол қоғамымен, орасан зор жанкүйерлер қарасымен) өзара қатынас жүйесін түбегейлі өзгертуге талпынамыз, - деген ресми хабарламада.
Айта кетейік, Қытай мен Қазақстан ұлттық құрамалары арасындағы жолдастық кездесу 7 маусым күні аспан асты елінің Далянь қаласында өтеді. Ойынға «Қайрат» сапынан қақпашы Владимир Плотников, қорғаушы Ермек Қуантаев, жартылай қорғаушылар Бауыржан Исламхан мен Исламбек Қуат шақырту алған болатын.