"Қайрат" тағы бір футболшымен қош айтысты
31 жастағы футболшы командадан қос тараптың келісімі бойынша кеткен. "Қайрат" командасы қорғаушының алдағы спорттық мансабына сәттілік тіледі.
- "Қайрат" пен жанкүйерлеріне алғысымды білдіремін. Қазақстанды тану мен мұндағы екі жылдағы ойыным мен үшін үлкен тәжірибе де болды. Жанкүйерлер келесі маусымда да команданың жақсы ойынына куә болады деген ойдамын. Сәттілік, - деп жазды футболшы instagram парақшасында.
Сезар Арсо алматылық клубқа 2016 жылдың шілде айында ауысып келген еді. Командамен бірге ел чемпионатының күміс жүлдесін, Кубок пен Суперкубокты жеңіп алды. 49 ойынға қатысып, 3 гол соқты.
Қорғаушы Испанияның "Вильрреал" командасының түлегі. Футболдағы мансабын 2002 жылы осы командада бастаған.
Айта кетейік, осыған дейін "Қайрат" командасынан Жерар Гоу мен Жарко Марковичтің кеткені белгілі болған еді. Алдағы уақытта Бауыржан Тұрысбек пен Исаэль Барбоза да өзге командаларға ауысуы мүмкін деген деректер бар. Сондай-ақ, ресейлік футболшы Андрей Аршавинмен келісімшартын тағы бір маусымға ұзартқан болатын.