"Қайрат" өз алаңында "Астананы" жеңді
Кездесудегі жалғыз голды 11-минутта "Қайраттың" сұрмергені Жерар Гоу соқты. Исаэлдің алаң ортасынан асырған пасын жақсы қабылдап, қорғаушылардың бірін алдап өтіп соққы жасаған ол мүлт кетпеді. Елордалықтар араға 12 минут салып есепті теңестіруге жақын қалған. Алайда Анатолий Тимощуктың аяғына тиіп, қақпаға ұшып келе жатқан допты Владимир Плотников қайтара білді.
Кездесу "Астана" ойыншыларының бақылауында өтті. Бірақ қонақтар қақпаға соққы бағыттау жағынан алаң иелеріне есе жіберіп қойды. Сауатты қорғанып, қарымта шабуылдарға жылдам шыға алған алматылықтардың есепті еселейтін бірнеше мүмкіндігі болған. Солардың бірінде Гоудың аяғындағы допты іліп алып, қақпаға соққы бағыттаған Аршавин гол соғуға сәл қалса, екіншісінде Ненад Эричпен бірге-бір шыққан Исаэл қақпашыны алдап өте алмады. Бұл шабуылдарға астаналықтар Джордже Деспотовичтің екі соққысымен жауап берді. Алайда екі жағдайда да Владимир Плотиников өзінің шеберлігін көрсетті.
Чемпионатты сәтсіз бастаған "Қайрат" ойыншылары үшін әр кездесу маңызды. Сол себепті олар жеңіске жетудің түрлі амалдарын қолдануда. Бүгін алматылықтар қорғаныс арқылы ойнау тактикасын таңдап, қателеспеді. Алда қос команданы да еурокубок ойындары күтіп тұр. Естеріңізге сала кетейік, 20 маусым күні Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА-ның штаб-пәтерінде тартылған жеребеге сай Чемпиондар Лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастайтын "Астана" клубы литвалық "Жальгириске" қарсы ойнаса, Еуропа Лигасына бірінші іріктеу кезеңінен бастап қатысатын алматылық "Қайрат" албаниялық "Теута" клубымен кездеспек.