"Қайрат" жасөспірімдері Айтматов турнирінде топ жарды
Қырғызстанның астанасы Бішкекте өткен жарысқа елімізден "Қайрат" жасөспірімдерінен өзге МБЖСМ №5 (Тараз), "Шахтер" (Қарағанды) және "Ордабасы" (Шымкент) командаларының жасөспірімдері де қатысты. Қырғыз елінен А. Момынов атындағы академия (Ош), "Илбирс" (Бішкек), "Абдыш-Ата" (Қант) және "Дордой" (Бішкек) командалары бақ сынады.
Алматылық клубтың жасөспірімдері турнирдегі бес ойында да қарсыластарынан басым түсті. Финалда Бішкектің "Дордой" клубындағы замандастарымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Жарыс қорытындысы бойынша "Қайрат" ойыншысы Руслан Сулейманов ең үздік сұрмерген атанды. Александр Арефьев ең үздік жаттықтырушы марапатына ие болды.
Айта кетейік, Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов (12.12.1928 – 10.06.2008 ж.ж) – жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері. Қырғызстанның халық жазушысы, Қырғызстан Ғылым Академиясының, Еуропа Ғылым Академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері.
"Аспалы көпір", "Жәмила", "Алғашқы ұстаз", "Қош бол, Гүлсары", "Ертегіден соң", "Ерте қайтқан тырналар" тағы басқа әңгіме, повесть жинақтары, "Жанпида", "Боранды бекет" романдары жарық көрді. "Көктөбедегі кездесу" (Қ.Мұхамеджановпен бірге) спектаклі көптеген елдердің театр сахналарында қойылды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Лениндік сыйлықтың, көптеген халықаралық сыйлықтардың лауреаты.