«Қайрат» «Эсбьергпен» тең ойнады
Алматының орталық стадионында өткен кездесу аса жоғарғы қарқында өрбіді. Қос клуб та жылдамдыққа иек артып, ұрымтал сәтте ұпайын алуға ұмтылды. Бір-бірінің қақпаларына қауіп төндіруге асықты. Дат ұжымының бас бапкері айтқандай, «Қайрат» сапынан Бауыржан Исламхан мен Жерар Гоуды тұсап ұстауды бірден назарға алды. Бірінші тайм аяқталар тұста Бауыржан белсене жүріп әріптесі Ермек Қуантаевқа әуелете тамаша пас асырды. Бірақ, бұл сәтте оң қанатта ойнайтын қорғаушы басына доп жетпей қалды. Сәл ертерек секіріп қойды. «Эсбьерг» допқа бақылауын күйшейте түскенмен, Владимир Вайсс шәкірттері де қайсарлығын өз кезектерінде таныта білді.
Екінші таймды да қос ұжым аса жоғары қарқынмен бастады. Допқа иелік етіп жүріп сан соқтырамыз деп ойлаған «Эсьберг» футболшыларының өзі сан соғып қалды. Шабуыл шебінде Жерар Гоудың пасынан кейін Бауыржан Исламханның соққысы қонақтар қорғаушыларының бірінің қолына тиді. Нәтижесінде украиналық бас қазы Александр Дердо пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добынан Йосип Кнежевич мүлт кетпеді. Бір гол қақпаларына енгеннен кейін дат футбол клубы шабуылға ентелей ұмтылды. Бұл ұмтылыс қонақтарға нәтиже де сыйлады. Соңғы минутта қорғаушылар қамалын бұзып өткен «Эсбьерг» футболшылары таразы басын теңестірді. Гол авторы – Мохаммед Фелла. Екі клуб келесі кезең жолдамасының шешуші сәтін қарымта кездесуге қалдырды. Бір аптадан кейін Данияда өтетін ойында «Қайратқа» жеңіс тілейміз!
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: fckairat.kz