Бокстан Астанада өтіп жатқан Президент кубогы халықаралық турнирінде Қайрат Ералиев өзбек боксшысы Шахобиддин Зоировты 5:0 есебімен жеңіп, финалға шықты. 56 кг салмақ дәрежесінде өткен жекпе-жекте Қайрат барын салды. Бірінші раундта қарсыласы белсенділік танытқанмен, кейінгі раундтарда Қайраттың қарымы артты. Шахобиддинді бірнеше дөп тиген соққысымен тізерлетіп те алды. Нәтижесінде отандасымыз төрешілер шешімі бойынша айқын жеңіске жетті. Шахобиддин Зоиров 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы. Бразилия жерінде 52 кг салмақта бақ сынап, топ жарған болатын. Сондай-ақ кеше 49 кг салмақта Өзбекстанның маңдайалды боксшысы, Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматов та үнді боксшысы Нуxлаи Лиабиакимадан ұтылып қалған болатын. Ал үнді боксшысын бүгін қазақстандық Жомарт Ержан жеңіп, финалға шықты. Қайрат Ералиев ертең финалда америкалық боксшы Дик Ламоунт Рейганмен жұдырықтасады. Ол жартылай финалда Ілияс Сүлейменовті жеңіп кетті. Қайрат үшін қарсыласы таңсық емес. 2017 жылы Германияда өткен әлем чемпионатының финалында жұдырықтасып, жеңіске жеткен болатын. Айта кетейік, бүгін Астанада өтіп жатқан Президент кубогының жартылай финалындағы жекпе-жектер жалғасуда. Финалға шыққан боксшылар жайлы алдағы уақытта хабарлайтын боламыз.