«Қайрат» ел Суперкубогын жеңіп алды
Қос клуб негізгі уақытта гол соға алған жоқ. Қосымша уақытта да аса қауіпті сәттер орын ала қойған жоқ. Нәтижесінде ҚР Суперкубогы жеңімпазы пенальти сериясы бойынша анықталды.
Бірінші болып 11 метрлік айып добын бағыттаған Рохер Каньяс мүлт кеткен жоқ. «Қайрат» капитаны Бауыржан Исламхан да қателескен жоқ. Аничич пен Бруно Соарес те өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланды.
Үшінші болып пенальти тепкен Алексей Щеткиннің соққысын Александр Плотников қайтара білді. Артынша Сито Риера алматылық клубты алға шығарды.
Төртінші болып «Астана» сапынан соққы бағыттаған Неманья Максимович қақпаны дәл бағыттай алмады. Десе де шешуші сәтте Виталий Ли де қателесті. Соңынан Патрик Твумаси есепті 3:3 есебімен теңестірді. Виталий соңын ала Жерар Гоу да қателесті. «Қайрат» сұрмергенінің соққысын Ненад Эрич қайтара білді.
Өз кезектерінде Абзал Бейсебеков пен Анатолий Тимощук те қателескен жоқ. «Астана» сапынан Серікжан Мұжықовтың соққысын Александр Плотников қайтара білді. Нәтижесінде «Қайрат» қорғаушысы Лукаш Тесак жеңіс пенальтиін сәтті орындап, алматылық клубқа жеңіс сыйлады.
Алматының «Қайраты» өз тарихында алғаш рет ел Суперкубогын жеңіп алды. Өткен маусымда дәл осы «Астанаға» есе жіберіп алған болатын.
Алматылық клуб пен жанкүйерлерін жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!