«Қайрат» бес футболшысын «демалысқа» ерте шығарды
Клуб басшылығы маусым аяғына дейін негізгі құрам ойыншылары Самат Смақов, Александр Кислицын, Михаил Бакаев, Заурбек Плиев және Дмитрий Хомичті «демалысқа» жіберді. Бұл жанкүйерлер күтпеген оқиға, кеше «Астанамен» өткен ойында ірі есеппен ұтылғаннан кейін орын алып отырғанға ұқсайды. Сонымен қатар, кездесу соңынан «Қайрат» ойыншылары өзара жаға жыртысқан деген де сыбыстар шыққан-ды. Бірақ, бүгін клубтың баспасөз хатшысы Алым Жалелов өз әлеуметтік желісінде ойын соңынан ешқандай айқай-шудың болмағанын хабарлады.
Осыған дейін "Қайрат" футбол клубы словакиялық шабуылшысы Милош Лачнымен келісімшартын бұзғандығын жариялаған болатын. Словакиялық шабуылшының спорттық бабына ұзақ уақыт бойы орала алмауы командадан кетуіне түрткі болды.
Қазіргі таңда ел премьер-лигасының көшін 36 ұпаймен бір ойыны кем «Астана» бастап келеді. Екінші орында Владимир Вайсс шәкірттері (35 ұпай) болса, үштікті 30 ұпаймен «Ақтөбе» қорытындылап тұр.
Cурет: fckairat.kz