Ресейлік танымал футболшы Андрей Аршавин Қайрат сапындағы соңғы ойынын өткізіп, футболдағы мансабын аяқтады. Алматылық ұжым ойыншыға шапан жауып, зор қошеметпен шығарып салды. Жартылай қорғаушы ел чемпионатының соңғы турында Шахтерға қарсы кездесуде қоштасу ойынын өткізді. Екінші тайм басында алаңға шығып, бірнеше рет қонақтар қақпасын торуылдап көрді. Дегенмен ойында гол соғылған жоқ. Ойын соңынан Андрей Аршавин стадион жанкүйерлеріне қол соғып, баршасына алғысын білдірді. Жергілікті жанкүйерлердің ыстық ықыласына рақметін жеткізді. - Үш жыл ішінде мені қолдап, жақсы көріп, ыстық ықыласпен қарсы алған баршаңызға зор алғысымды білдіремін. Осында жүрегімнің бір жартысы қалып бара жатқандай. Үлкен рақмет, баршаңызға сәттілік! - деді футболшы. Андрей АршавинҚайрат сапында үш маусым ойнады. 100-ден аса ойынға қатысып, 30 гол, 37 нәтижелі пас берді. Клуб сапында үш рет ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды. ҚР Кубогы мен Суперкубогында жеңіске жетті.