Кәсіпқой бокстағы қос ұйым бірігуі мүмкін

О Сансызбай Корреспондент

Екі ұйымның бір атауға біріктірілуі – жанкүйерлер, бұқаралық ақпарат құралдары мен бокс мамандары арасында жаңылысу мен түсінбеуді азайтады деп бағалануда. Себебі, бұл күндері көп адамдар төрт ұйым жұмысы және чемпиондық белбеулерінің ерекшелігі мен айырмашылығына келгенде шатасып жатады. Осыған орай, WBC пен WBA бірігіп бір атауды иеленуді жөн санап отыр. Егер, халықаралық бокс федерациясы (IBF) өз рұқсаттарын берсе екі бір атаумен аталатын күні алыс емес. Бұл ұйымдардан өзге кәсіпқой бокста бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) да жұмыс жасайды.

Айта кетейік, боксшы аталған ұйымдардың ішінен кез-келгенінің үшеуі бойынша алтын белбеуді иеленер болса, ол абсолютті чемпион деп аталады. Енді бір атауға біріккелі отырған WBC пен WBA ұйымдарының атқарып келген қызметіне тоқтала кетейік.

WBA – бүкіләлемдік бокс қауымдастығы. 1921 жылы негізін қалаған ұйым. Бастапқыда Ұлттық бокс қауымдастығы (NBA) деп аталды.

WBA белбеуі – қазіргі таңдағы белбеулердің ішіндегі ең көнесі саналады. Ол таза қара теріден жасалып, ортасына WBA логотипі бар медальон орналасқан. Алтынмен апталған жазудың айналасында ақ және қызыл бағалы тастар топтастырылған. Белбеудің қапталында дөңгелек металл пластиналар да орналастарылған. Кезінде дәл осы белбеуді Мұхаммед Әли, Джордж Форман, Джо Фрейзер, Эвандер Холифилд және Майк Тайсон сияқты атақты боксшылар мақтанышпен беліне тақты. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің беліндегі қос белбеудің бірі де осы ұйымға тиесілі.

WBC - 1963 жылы Мексикада дүниеге келген бокс ұйымы. WBC ұйымының бокстағы жетістіктері ретінде бұл спорт түрінің мейлінше қауіпсіз болуына сіңірген еңбегін айтсақ болады. Бұл ережелер әлі күнге дейін бокста қолданылып келеді. Ол бойынша салмақ дәрежелерінің саны артып, соның арқасында қарсыластар тек өзіне ғана сай келетін спортшымен жұдырық түйістіруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, бұрынғы 15 раундтық жекпе-жекті 12-ге дейін қысқартты (чемпиондық кездесулерде). Рейтинг көтеру кездесулерінде ол 10 раундты құрайды.

WBC белбеуі – чемпиондық белбеулердің ішіндегі ең әдемісі саналады. Ол өзі тарихында безендірілуі жағынан бес мәрте өзгеріске ұшырады. Енді ол тек қошқыл жасыл теріден жасалынады. Ортасында таза алтыннан құйылған ресми медальоны бар. Оның айналасына WBC құрамына кіретін елдердің тулары орналасқан. Одан бөлек, дизайнерлер белбеудің екі жағына Мұхаммед Әли мен Джо Луистің фотолары тігілген.

Сурет: өңделген

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама