Карина Горичева кіші күмісті жеңіп алды
Жұлқа көтеруде отандасымыз алдымен 103, содан соң 108 келіні еңсерді. Соңынан 113 келіге тапсырыс берген спортшы бұл үддеден де шыға білді. Албандық зілтемірші Ромела Бегаж да осы нәтижені бағындырып, салмағының аз ғана жеңіл болуына орай кіші алтынды иеленді.
Серпе көтеруде Карина Горичева 128 келіні екінші мүмкіндігінде бағындыра алды. Үшінші мүмкіндігінде 133 келіні басынан асырғанмен, бұл нәтиже жерлесіміздің жүлдегерлер қатарынан көрінуіне жеткіліксіз болды.
Қос жаттығу қорытындысы бойынша 63 келіге дейінгі салмақта қытайлық Денг Вей (252 келі) чемпион атанды. Алтын мен күміс жүлдеде тағы да салмақ рөл атқарды. «Аспан асты елінен» келген спортшыдан салмағы аз болған ресейлік Тима Туриева күмісті қанағат тұтты. Қола жүлде Корей Халық Демократиялық Республикасының спортшысы Чой Хуо Симге (248 келі) бұйырды. Ал Карина болса қос жаттығу қорытындысында 246 келіні еңсеріп, 6-шы орынды қанағат тұтты.
Ертең жарыс жолына әйелдер арасында 69 келіге дейінгі салмақта Мая Манеза мен Жазира Жаппарқұл шығады. Ал ерлер бәсекесінде 94 келіге дейінгі салмақта Рүстем Сыбай мен Владимир Седов жүлде үшін таласып көретін болады. Алғашқы жұп Астана уақытымен сағат 16:00-де жарысты бастаса, жігіттер 19:00-де бақ сынайтын болады.
Cурет:almaty2014iwf.com