Каратеден Олимпиаданың тұңғыш жолдамасы қоржынға түсті

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Фото ©️ olympic.kz

67 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Дархан Асаділов әлемдік рейтингте 9817,5 ұпай жинап, бәсекелестерінен қара үзіп кетті. Екінші орында тұрған италиялық Анджело Кречензоның еншісінде 7350 ұпай бар. Осылайша қазақстандық каратеші Олимпиада жолдамасын төртжылдықтың басты додасына үш ай қалғанда иемденді. Өйткені рейтингте Дархан Асаділов жақын уақытта ешкім қуып жете алмайды. 

Дархан Асаділов өткен жылы басталған іріктеу жарыстарының бәрінде жоғары нәтиже көрсетіп жүрді. Қазақстандық спортшы он бір Премьер-лига кезеңінің сегізінде жеңіске жеткен.

Әлемдік рейтингте тұрған 600 спортшының ішінде Дархан Асаділов көш бастап тұр. Ол каратеден Олимпиада жолдамасын жеңіп алған тұңғыш спортшымыз. 

"Бұл оқиғаға баға беру де қиын. 2016 жылы ХОК каратенің Олимпиада бағдарламасына енгенін хабарлады. Ал 2020 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алудың мұншалықты қиын болады деп біз ойламаған едік. Алайда, Дархан біз артқан үмітті ақтап, әлемдік және олимпиадалық рейтингте бірінші орынға шығып, мерзімінен бұрын лицензия жеңіп алды. Бұл біздің алғашқы қарлығашымыз. Асаділовтің бұл жеңісі команданың өзге мүшелерін қанаттандырып, жолдама алсам деген жігерін жани түсетіні сөзсіз", - дейді Қазақстан командасының бас бапкері Жасталап Санауов ҰОК баспасөз қызметіне. 

Айта кетейік, әзірге Қазақстан қоржынында спорттың 15 түрінен 29 жолдама бар. Карате 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына енеді деп күтілген болатын. Кейіннен ХОК дауыс беру отырысында бұл спорт түрі жоғары ұпайға ие бола алмай, енбей қалған-ды. Дегенмен 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына карате спорты қосылды.

 
Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама