Қарағандыда жаңа стадион салынады
«Қарағанды қаласының бас жоспарында алдағы уақытта жаңа футбол алаңын салу басты назарда тұр» - деп депутат жанкүйерге жауап берген екен.
Чемпиондар лигасында еліміздің намысын қорғап келе жатқан «Шахтер» командасының қазіргі таңда өнер көрсетіп келе жатқан алаңы 1958 жылы салынған. Содан тек 2001 жылы ғана күрделі жөндеуден өткен.
Естеріңізге сала кетсек, Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі кездесуін «Шахтер» Астанада өткізген болатын. Өйткені қарағандылық команданың қазіргі алаңы халықаралық стандарттарға жауап бере алмайтын дәрежеде. Мұндай стандартты дәрежеге жауап беру үшін футбол алаңының видеоэкраны, ауа температурасы, орындығы мен биіктігі, сонымен қатар тікелей эфирге түсіру сәтіндегі стадионның айқын көрінуі мен жоғары сапалылығы басты рөлді ойнайды.
Қарағандыда салынатын жаңа футбол алаңының бас жобасы да дайын көрінеді. Стадионның жобасын белгілі сәулетші Семен Болотник жасап шығыпты. Ол осыған дейін Алматы мен Астана арасында қатынайтын жоғары жылдамдықтағы «Бүркіт» жүрдек пойызының жобасын жасаған болатын.
Сәулетші жасап шыққан «Шахтердың» жабық стадионына 30000-нан 50000-ға дейін жанкүйер жинала алады екен. Ауа температурасы 20 градусты сақтайды деп отыр.
Футбол алаңының жоғарғы бөлігі шаңырақ және киіз үй үлгісінде жасалады. Заманауи әйнектермен көмкерілген жоғарғы бөлік алаңға күн сәлесінің аптабы мен қарды өткізбейді. Бұл жергілікті команданың кез келген мезгілде жасыл алаңда өнер көрсетіп, оқу-жаттығуларын жасауға мүмкіндігі болмақ.
Сонымен қатар жабық стадионның жанынан ойын-сауық алаңы мен саябақ салуда жоспарда бар екен. Стадионның құрылысына 30 миллиард теңге кетеді деп жоспарлануда.
Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің қарымта кездесуін «Шахтер» Албания астанасы Тиранада өткізеді. Алғашқы ойында жерлестеріміз "Скендербеуден" үш доп айырмасымен басым түскен болатын. Кездесу 6 тамыз күні өтеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
сурет:novate.ru