«Қара құрлықтың» тағы бір құрамасы Қазақстанға қарсылас атанды
Қазіргі таңда Қазақстан мен Кабо-Верде елінің футбол федерациялары арасындағы келіссөздер аяұталуға жақын екен. Федерацияның халықаралық бөлімінің жетекшісі Тұлпар Мансұровтың айтуынша, екі тарап 99 % жолдастық кездесу өткізуге келісімге келіп үлгерген. Кездесу 16 маусым күні Алматының орталық стадионында өтуі мүмкін.
– Қазіргі уақытта алдын ала келісім жасалды, - дейді Қазақстан футбол федерациясы халықаралық бөлімінің жетекшісі Тұлпар Мансұров. – Тек ресми жұмыстар қалды, бұл халықаралық матчты ұйымдастырудың шешуші бөлігі саналады. Дегенмен, Қазақстан – Кабо-Верде кездесуі 16 маусым күні Алматының Орталық стадионында өтеді деп 99 пайызға айтуға болады.
«Қара құрлықтың» бұл елін біреу білсе, біреу біле бермейді. Кабо-Верде - Батыс Африка жағалауларына жақын Атлант мұхитындағы 8 ірі және 10 ұсақ аралда орналасқан мемлекет. 1975 жылдан бері БҰҰ-ға мүше елдің халқының саны 500 мың адамға да жетпейді. Жер көлемі – 4033 км² құрайды. Негізгі тұрғындары португалдар мен африкалықтар арасынан шыққан мулаттар (60%), сондай-ақ, банту (35%), баланте, мандьян, т.б. жергілікті ұлыстар мен еуропалықтар (3%), т.б. Ресми тілдері – португал тілі мен креол тілі.
Кабо-Верде футбол федерациясының негізі 1982 жылы қаланған. 1986 жылдан бастап ФИФА мүшесі атанған. Қазіргі таңда әлемдік рейтингте 35-ші орында тұр. Соңғы кездесуін Португалия құрамасына қарсы өткізіп 2:0 есебімен жеңіп кеткен болатын.
Кабо-Верде құрамасы ертеден Африка құрлығындағы әлсіз ұжымдардың бірі саналып келді. Десе де соңғы жылдары бұл елдің теңбіл доп шеберлері Испания, Англия және Португалия елдерінің бірінші, екінші дивизионындағы ұжымдарында өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар, 2013 жылы Кабо-Верде құрамасы Африка халықтары кубогының ширек финалына дейін жетсе, 2015 жылы топтық кезеңде бақ сынады.
Айта кетейік, Юрий Красножан баптайтын Қазақстан құрамасы «қара құрлықтың» тағы бір құрамасы Буркина-Фасомен 12 мамыр күні Алматыда жолдастық кездесу өткізеді. Ал араға бір ай сала 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындары аясында Түркиямен Алматыда үш ұпайды сарапқа салатын болады.
Ұқсас жазба
Таныс та бейтаныс Буркина-Фасо