Кәрі құрлықтың жеребесі тартылды
Чемпиондар лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастаған қарағандылық “Шахтер” командасы алғашқы кездесуін сенсацияға айналдырған-ды. Еуропа аренасында ерекше ойынымен көзге түсіп жүрген “Батэны” жеңген болатын. Алайда қарымта кездесу бар. Виктор Кумыков шәкірттері беларустық команданы айналып өткен жағдайда, “кеншілер” командасының қарсыласы "Нефтчи" (Баку, Әзірбайжан) - "Скендербеу" (Корча, Албания) футбол клубтарының жеңімпазы болмақ. Қос команда арасындағы алғашқы кездесуде есеп ашылмаған болатын. Ал “Шахтер” мен “Батэ” командалары 23 шілде күні Қарағандыда қарымта кездесуді өткізеді.
Кеше ғана Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесулерін аяқтаған еліміздің қос клубының да үшінші кезеңдегі қарсылас атанатын жұптары белгілі болды. Естеріңізде болса кеше “Ертіс” өз алаңында босниялық “Широки Бриегті” жеңсе, “Ақтөбе” сырт алаңда “Хеддке” есе жіберген-ді. Енді 25 шілде күні қарымта кездесуде жеңіске жетіп жатса, керекулік команданың үшінші кезеңдегі қарсыласы Италияның белгілі “Удинезе” клубы болмақ. Ал “Ақтөбе” үшінші кезеңге аяқ басса, команданың қарсыласы “Брейдаблик” (Исландия) — “Штурм” (Австрия) жұптарының жеңімпазы болмақ. Екі команда арасындағы алғашқы ойында есеп ашылмаған. Жерлестерімізге қарымта кездесуде сәттілік тілейміз!
суреттер: ru.uefa.com
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай