"Канело" Сергей Ковалевтан тартып алған WBO белбеуінен бас тартты
Соңғы жекпе-жегінен бір жарым ай өткеннен соң "Канело" белбеуді бірде-бір мәрте қорғамастан оны босатты.
"Шаршы алаңдағы менің жетістіктерім жанкүйерлерім мен елімнің мақтанышы болғанын түсінемін. WBO-мен ара-қатынасым бұрыннан жақсы. Олардың боксы дамыту мен сақтау жолындағы еңбегін бағалаймын. WBO-мен келісімім бойынша жартылай орта салмақтағы титулды тұрақты ойнатуға болады. Ал мен кез келген салмақтағы мықтылармен жекпе-жек өткіземін", - деп келтіреді Сауль Альварестің сөзін Golden Boy промоушені.
Араға уақыт салмай Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) президенті Пако Валькарсель мексикалық боксшы Сауль Альварестің шешіміне қатысты пікір білдірді:
"Альварес бокста біраз жетістікке жетсе де, ол әлі жас. Ол мансабын аяқтағанда тарихтағы үздік және Мексиканың ұлы боксшыларының бірі болады. Оның орта, екінші орта, жартылай ауыр және басқа салмақтағы жекпе-жектерін күтеміз".
Естеріңізде болса, Сауль Альварес 2 қараша күні Лас-Вегас қаласында өткен бокс кешінде Сергей Ковалевті жеңіп, мансабында төртінші салмақта чемпиондық белбеуді иемденген болатын. Қазіргі таңда "Канелоға" орта салмақтағы WBC (Franchise) мен WBA (Super) және екінші орта салмақтағы WBA (Regular) белбеулері тиесілі.