Бірінші орта салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам (25-0, 20 КО) рингке қайта оралатындығын мәлімдеді. Боксшы Инстаграмдағы парақшасында спорт жолында арқалаған жауапкершілігі мен өмірлік ұстанымы туралы айтты. Сондай-ақ ол жанкүйерлеріне алғыс білдіріп, шаршы алаңға қайта шығуға дайын екендігін айтты. Барлығыңыз білетіндей спорт жолы айтарлықтай күрделі жол. Өйткені, онда бір ғана адамның, жеке спортшының мақсаты жатқан жоқ. Онда күллі ұлыстың, тәуелсіз елдің, қаймана қазақтың, қара ормандай жұрттың арман-мақсаты, сенімі мен үміті ұялаған. Онда ұлттың намысы, желбіреген тудың асқақтағы, үлбіреген үлкен-кішінің талап-тілегі жатыр. Өзім деген спортшы сайыс майданына осылардың барлығын арқалап шығады. Арқалап шыққан екен, қандай қамал болса да алуы керек. Бұл менің спорт жолымда, өмір сапарымда ұстанған бұлжымайтын қағидам,- деп жазды ол. Сондай-ақ Қанат Ислам не үшін ұзақ уақыт рингке шықпағанын түсіндірді. Біраз уақыт шаршы алаңнан шеттеліп қалған жайым бар. Оған себеп - сайыс пен жаттығу кезінде жазатайым алған жарақат. Физикалық тұрғыда сақадай-сай болу спортшыны жеңіс жолына жетелейтін мүмкіндіктердің негізгісі. Осыған орай аз уақыт емделіп, алдағы айқас алаңына алаңсыз шығу үшін кідіріс жасағаным бар. Ол қиындықтың бәрі артта қалды. Сіздердің жақсы тілек, ақжарма көңілдеріңіздің лебімен, дәрігерлердің шипасының арқасында қазір қалпыма келіп, жаттығуды қайта жалғастырдым. Ендігі мақсат кәсіпқой бокстың кез-келген бәсекесінде намыс отын жанып, шаршы алаңда атой салу. Сіздердің қолдау, қуаттарыңызға зор алғыс,- деп аяқтады боксшы.