Қанат Ислам мен Патрик Аллотей салмақ өлшеу рәсімінен өтті
Қос боксшының салмағы да 68 келіні көрсетті. Салмақ өлшеу барысында "қара құрлықтан" келген қарсыласы оғаш мінез танытқанмен, Қанат сабырлы қалпын сақтады. Сондай-ақ өзге 6 жекпе-жек жұбы да салмақ өлшеу рәсімінен өтті.
Айта кетейік, бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағына ие Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен ұтқан.
Патрик Аллотей де тәжірибелі боксшы. Осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-де қарсыластарынан басым түскен. Оның 24-де қарсыластарын нокаутпен ұтса, 2 жекпе-жегінде ғана қарсыластарына есе жіберген. Cоңғы рет 24 маусым күні шаршы алаңға шығып, отандасы Сани Идананы жеңген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста «Улы жебе» деген лақап атқа ие.
29 қазандағы жекпе-жектер Астана уақытымен кешкі сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсетеді.