Қанат Ислам қарсыласын нокаутпен жеңді

Нұржамал Үсенова Корреспондент

Қазақстандық кәсіпқой боксшы бастапқыда ганалық Ободай Саймен жұдырықтасады деп күтілген. Алайда аз уақыт қалғанда қарсыласы ауысқаны белгілі болды.

Жекпе-жек орта салмақта өтті. Қанат қарсыласын 4-ші раундта нокдаунға түсірді. Эквадорлық боксшы ес жиып, жекпе-жекті жалғастырды. 7-ші раундта екінші рет нокдаун алды. Бұл жолы да Джейсон Минда шаршы алаңдағы шайқасты жалғастыруға мүмкіндік алды. Алайда алысқа бармады. Қанаттың жойқын соққыларынан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатты.

Қанат Ислам 2019 жылдың қазан айынан бері шаршы алаңға шықпаған еді. Ал Джейсон Минда өткен жылы Хулио Сесар Чавеспен (кішісі) жұдырықтасып, 4-ші раундта техникалық нокаутпен жеңілген.

Жекпе-жек соңынан қазақстандық кәсіпқой боксшы орта салмақтағы үздіктердің бірі саналатын мексикалық Сауль "Канело" Альваресті жұдырықтасуға шақырды.

Бұл жекпе-жекке ұзақ дайындалдым. Отбасыммен командама оралдым. Жақсы қарсыласпен жақсы жекпе-жек болды. Бұл жігітке рақмет, мықты қарсылас. Мен бәріне дайынмын. Осыған дейін айтқандай, мен Қытайда тудым, Қазақстанда тұрамын, түрікпін, мұсылманмын. Қолдаушыларым аз емес. "Канело" менімен жұдырықтасуы керек. Рамазан айы келеді. Рамазаннан кейін қайта ораламын, - деді  боксшы.

Сондай-ақ боксшы бұл жеңісін бірер күн бұрын Жамбыл облысында қаза болған 5 сәбидің рухына арнағанын да баса айтты.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама