Қанат Ислам Головкинмен "болатын" жекпе-жектің нүктесін қойды
"Қанат, Қанат!", "Қанат жасасын!" деп ұрандап әуежайдың алдында тосып жүрген жұртшылық, ұшақтың аман-есен қонғанын байқап, тезірек жолығуды тағатсыздана күтті. Өзінің қашан да сабырлы қалпында алдымен ағаларына амандасқан боксшы, кейіннен жұртшылықтың алдына шығып, қуанышты екенін білдірді.
Алма кезек сөз алған ағалары қуанышты тілектерін айтып, қазақы салт бойынша жанкүйерлері атынан үстіне шапан жапты. Спортшының талантына тәнті жанкүйерлер мерекелік жиынның соңын күтпестен суретке түсіп, құттықтауға кірісіп кетті.
Соңында сөз алған Қанат Ислам: "Ассалаумағалейкүм халқым! Мұндай тосын сый болады деп ойламаған едім. Көп рахмет сіздерге! Мұның барлығы, елдігіміздің, егемендігіміздің арқасы деп білемін. Тыныштық болмаса біздің бокс, біздің өлең кімге керек. Сондықтан мен өте қуаныштымын. Рахмет сіздерге!"– деді.
Журналистердің қойған аз-кем сұрағына жауап берген спортшы, өзінің ақысыз жұдырықтаса беретінін де жасырмады. Қаржының қамымен жүрер болса, қазіргі уақытқа дейін 5-6 жекпе-жектен ары аспайтынын айтып, ұлттың мерейін әлемдік деңгейде үстем етсем екен деген арманын да тілге тиек етті. Ал, Головкинмен болашақта жекпе-жек өткізуге қалай қарайсыз деген сұраққа: "екеуіміздің де ел намысы үшін күресіп жүргенімізді жақсы білесіздер, ол да қазақпын деп, мен де қазақпын деп әлемге жар салып жүрміз, сондықтан оның үлкендігін сыйлап соңынан биіктей беруден басқа ойым жоқ, сол себепті ол жекпе-жектің болмайтынына сенулеріңізге болады", деді.
Сонымен қатар, АҚШ-тан келердегі ең үлкен үміті, ұлы Абылайдың тұсауын кесу екенін білген осындағы жақындары көпшіліктің алдында қазақи салт рәсімін атқарып, батырдың қуанышын еселей түсті.