Қанат Ислам бокстағы мансабын аяқтады ма?
Боксшылар жайлы мағлұмат ұсынатын сайтта қазақстандық боксшы профиліне "белсенді емес" деп жазылған. Бұл көбіне спортшының мансабын аяқтағаны немесе уақытша тоқтата тұрғаны жайлы ақпар береді. Осыған қатысты қазақстандық боксшы Vesti.kz тілшісіне аз-кем ақпарат бере кетті.
- Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда алған жарақатыма байланысты емделіп жүрмін. Алда жекпе-жектеріме дайындықты бастайтын боламын, - деді боксшы.
Қанат Ислам соңғы рет шаршы алаңға өткен жылдың қыркүйек айында шықты. Астанада канадалық боксшы Брендон Кукпен жұдырықтасып, 9 раундта техникалық нокаутпен қарсыласын жеңген болатын. Одан кейінгі жекпе-жегін биыл 23 маусым күні өткізетіні белгілі болған еді. Алайда отандасымыз жаттығу кезінде жарақат алып, жекпе-жек өтпей қалды.
Айта кетейік, Қанат Ислам ақпан айында танымал менеджер Эгис Климаспен келісімге келіп, АҚШ-тағы жаттығуын бастаған еді. Спортшы 2011 жылдан бері кәсіпқой бокста қазақ елінің атынан бақ сынап келеді. Ал оған дейін Қытай елінде жүріп Олимпиада ойындарының (2008 ж) және әлем чемпионатының (2007 ж) қола жүлдегері атанған-ды.
Бүгін боксшы Алматыда 2019 жылы Красноярскіде өтетін қысқы Универсиада ойындарының алау эстафетасына қатысты.