Қазақ кәсіпқой боксшысы Қанат Qazaq Ислам Астанада тағы бір жекпе-жек өткізеді. Бұл жайында боксшының PR менеджері Берік Сұлтан facebook желісіндегі парақшасында хабарлады. - Team QAZAQ Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына байланысты Елордада үлкен кәсіпқой бокс кешін өткізбек. Келіссөз жұмыстары басталды. Бокс кеші 2018 жылдың мамыр айында ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Басты жекпе-жекте Қанат Ислам жұдырықтасады. Қанат Исламнан бөлек бұл бокс кешінде көк туды желбіретіп жүрген елімізге танымал қазақтандық боксшылар да өз өнерін ортаға салады, - деп жазды. Қанат Ислам желтоқсан айының соңында АҚШ-қа аттанады. Команда жоспары бойынша QAZAQ Астанадағы бокс кешінің алдында АҚШ-та бір жекпе-жек өткізеді. Айта кетейік, осыған дейін Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBA) бірінші орта салмақта америкалық боксшы Джон Вераны қазақ кәсіпқой боксшысы Қанат Исламмен жекпе-жек өткізуге міндеттеген еді. Әзірге қос тараптың келісімі жайлы ресми ақпарат жарияланған жоқ. 33 жастағы Қанат Ислам қазіргі уақытта бірінші орта салмақтағы WBO NABO және WBA Inter-Continental белбеулерінің иегері. Ол соңғы кездесуін 9 қыркүйек күні Астанада өткізіп, канадалық Брэндон Кукты жеңген еді.