Қанат Ислам Алматыдағы жекпе-жегінде жеңіске жетті
Бастапқы раундтарда бойшаң қарсыласы белсенді жұдырықтасуға тырысты. Шаршы алаң ортасын иеленіп, Қанатты қыспаққа алуға тырысты. Екінші раундта қазақ боксшысы қарсыласына бірнеше рет жұдырығын дәл тигізді.
Кейінгі раундтарда да Қанат Намибиядан келген дәл соққыларымен күтіп алумен болды. Әсіресе бесінші раундта басымдығы айқын байқалды. Уолтер жойқын соққыдан кейін бір тізерлеп тұрды. Төреші есеп ашып, нокдаун тіркелді.
Алтыншы раундта Уолтер Каутондоква белсенді жұдырықтасты. Шабуылын үдетіп, қарқын қосты. Қанат қаша жүріп жұдырықтасуға көшті. Бірде қарсыласының жұдырығы дәл тисе, бірде ауа қармап жатты.
Жекпе-жек соңында Қанат қорғана жүріп жұдырықтасты. Қарсыласын күтіп алып, дәл соққыларын тигізуге тырысты. 10 раундтық жекпе-жек қорытындысы бойынша отандасымыз жеңіске жетті. Осылайша WBO нұсқасы бойынша екінші дәрежелі чемпиондық атағын қорғап қалды.
- Бұл жекпе-жекке ұзақ дайындалдық. Қарсыласым мықты боксшы болды. Барлықтарыңызға рақмет. Команда жігіттеріне рақмет. Осындай жеңіске жетуім – ұстаздарымның арқасы, - деп атап өтті боксшы жекпе-жек соңынан.
Айта кетейік, Алматыдағы бокс кешінде шаршы алаңға шыққан қазақ боксшыларының барлығы жеңіске жетті.