Қанат Ислам WBA чемпиондық атағына таласа ала ма?
- Эрисланди Лара салмақ дәрежесін көтермейтін секілді. Бұл Қанат үшін қуанышты хабар емес. Келер жылы WBA чемпиондық белбеуін Лара мен Кастаньо сарапқа салатын болады. Жекпе-жектің жеңімпазы қайтпас қайсар қазақ боксшысымен жұдырықтасуға келісе қояды деп ойламаймын. Себебі Исламды АҚШ-та көпшілік тани бермейді. Сондықтан кездесуден түсетін табыс аз болады.
Чемпиондық атаққа ие боксшы рейтингте үздік 30 боксшының бірін таңдай алатынын да ескере кеткен жөн. Осының салдарынан Ислам секілді келешегі бар көп боксшылар таныла алмай жүр.
Қанаттың бұл тығырықтан шығар бір жолы бар. Кез келген боксшыға қомақты гонорар ұсынсаң, жекпе-жектен бас тартпауы мүмкін. Егер Исламның командасы бірнеше миллион доллар тауып, ұсыныс жасаса, тіпті чемпионмен Қазақстанда жекпе-жек өткізуге де болады, - дейді МакКаферри.
Айта кетейік, америкалық боксшы Деметриус Андраде салмақ ауыстырғаннан кейін WBA тұрақты чемпиондық атағын аргентиналық боксшы Брайан Кастаньо иеленген еді. Дәл осы боксшы Қанат Исламның қарсыласы атануы мүмкін екені айтылған.
Осыған дейін Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко қазіргі жағдай Қанат Исламның промоутерлеріне тікелей байланысты екенін айтқан. FightSpace жобасының негізін қалаушы Григорий Странгрит боксшының командасы үшін тамаша мүмкіндік келіп тұрғанын алға тартқан еді.
Ал жақында Қанат Ислам 22 наурыз күні Алматыда әйгілі филиппиндік боксшы Мэнни Пакьяомен жекпе-жек өткізуі мүмкін деген де жаңалық шыққан. Алайда бұл жекпе-жекті ұйымдастырылуына күмәнмен қарағандар қарасы көп болды. Не де болса қазақтың абыройын асырып жүрген Қанаттың спорттық мансабына табыс тілейміз.