Қанат Ислам Astana Arlans командасына келуден бас тартты
Біраз уақыт бұрын Қанат Исламның Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) аясында «Astana Arlans» сапында өнер көрсетуі мүмкін деген ақпарат тараған болатын.
«Astana Arlans» клубының бас директоры Болат Манкеновтың айтуы бойынша Қанатпен болған келіссөзде оның кәсіпқой бокста қала бергісі келетіні белгілі болыпты. «Қанат үшін біздің клубтың есігі әрдайым ашық. Біз онымен сөйлесіп, ұсынысымызды жеткіздік. Бірақ ол карьерасының соңына дейін кәсіпқой бокста қалып, жаңа жетістіктерге жеткісі келетінін жеткізді», - дейді Болат Манкенов.
Қанат Ислам Бүкіләлемдік бокс сериясынның (WSB) екінші маусымында «Astana Arlans» командасының капитаны ретінде қатысқаны белгілі.
Естеріңізге сала кетсек, Қанат Ислам 2012 жылдан бері кәсіпқой бокста 16 кездесу өткізіп, оның бәрінде жеңіске жетті. Ол WBA (Дүниежүзілік бокс ассоциациясы) тұжырымы бойынша орташа жеңіл салмақта Fedecaribe (Америка және Кариб теңізі аймағы чемпионы) титулының иегері. Қанат соңғы жекпе-жегінде доминикандық Базилио Сильваны техникалық нокаутпен тізе бүктірген еді.
2013 жылдың соңына таман «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының басшысы Бақтияр Артаев Қанатты «Астана» президенттік кәсіби спорт клубымен әріптестік орнатуға, Astana Arlans қатарына қайта қосылуға» шақырған болатын. Алайда Қанат Ислам біраз уақыт ойланғаннан кейін бұл ұсынысты құп көрмеді.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: vesti.kz