1-3 желтоқсан күндері Канаданың Калгари қаласында коньки спортынан әлем кубогы кезеңі өтеді. Мұз айдындағы бұл бәсекеде ел атынан 9 конькиші қатысады. Қазақстан құрамасы сапында Екатерина Айдова, Елена Урванцева, Дмитрий Бабенко, Максим Баклашкин, Роман Креч, Артем Крикунов, Денис Кузин, Федор Мезенцев және Станислав Палкин жарыс жолына шығады. Айта кетейік, Пхенчхандағы (Оңтүстік Корея) XXIII қысқы Олимпиада ойындарының басталуына да екі айдан астам уақыт ғана қалды. Қазақстандық жанкүйерлер конькишілерден де көп үміт күтеді. Қазақстандық спорт делегациясы Пхенчхандағы додаға 9 спорт түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Атап айтар болсақ, биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул) секілді спорт түрлерінен отандастарымыз бақ сынайтын болады.