Жүйке жұқартқан ойында «Астана» жеңіске жетті (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ sports.kz

«Астана-Арена» стадионындағы ойын жергілікті жанкүйерлер күтпеген «сыймен» басталды. 4 минутта қорғаушылардың қателігін сәтті пайдаланған Джаллоу Ненад Эричтен айласын асырып кетті. «Астана» ойыншылары алға ұмтылғанмен, нәтиже шығара алмай састы. 20 минутта Танат Нөсербаев таразы басын теңестіруге мүмкіндік алғанмен, пайдалана алмады. Араға көп уақыт салмай Бауыржан Жолшиевтің шірене тепкен добы қақпа бағанын жанап өтті.

Шабуылға баса назар аударған «Астана» ойыншылары бір сәт қорғанысты назардан шығарғандай болды. 33 минутта стандартты жағдайды сәтті пайдаланған «ХИК» ойыншылары есепті еселеп кетті. Бір сәт аңырып қалған «Астана» қорғаушылары қапыда қалды. Нәтижесінде Гидеон Баах екі доп басымдығымен командасын алға шығарды.

Станимир Стойлов шәкірттері бірінші таймда бір доп айырмасын қысқарта білді. 44 минутта Патрик Твумасидің жойқын соққысын сәтсіз қайтарған қонақтар қақпашысы голдың соғылуына себепкер болды.

Екінші таймды «Астана» ойыншылары тағы да белсенділікпен бастады. «ХИК» ойыншылары өз айып алаңдарында қолмен ойнап, пенальти белгіледі. «Астана» жартылай қорғаушысы Рохер Каньяс 11 метрлік соққыны сәтті орындап, таразы басын теңестірді.

Араға 10 минут сала фин клубының айып алаңына асырған Дмитрий Шомконың добы қақпа торынан бір-ақ табылды. Алыс қашықтықтан асқан шеберлікпен бағытталған доп өз нәтижесін берді. Қонақтар алаңда бас көтеруге талпынғанмен, «Астана» тысқырумен болды. Тек 71 минутта Патрик Твумаси алаңнан қуылғанға дейін...

Патрик Твумаси ойда-жоқта алаңнан қуылды. Бұл «Астана» ойыншыларының жүйкесіне айтарлықтай әсерін тигізді. Қорғаныста тәп-тәуір ойнап жүрген елордалық клубтың 86 минутта сыр берді. Сыр берген жоқ-ау, Израильден келген бас қазы пенальти белгіледі. Даулы жағдай болатын. Бірақ, бас қазы қарсыластардікін жөн деп шешті. Ненад Эрич Зенелидің тепкен доптың бағытын дәл тапқанмен, қайтара алмады. Өкінішті...

«Астананың» жүйелі ойыны жеңіске деген жігерін сөндірген жоқ. 92 минутта қонақтардың соққысын Ненад Эрич пен қақпа бағаны құтқарды. Ал соңғы сәттегі елордалық клубтың ерлігін жанкүйерлер ұзақ уақытқа ұмытпасы анық. Бұрыштамадан асырылған допқа Бауыржан бірінші жетіп, Евгений Постников қазақстандық клубтың жеңіс голын соқты.


«Астана» (Қазақстан) — ХИК (Финляндия, Хельсенки) 4:3 
Бірінші ойын: 0:0
Голдар: Джаллоу 4 (0:1), Баах 42 (0:2), Твумаси 44 (1:2), Каньяс пенальтиден 47 (2:2), Шомко 56 (3:2), Зенели пенальтиден 86 (3:3), Постников 90 (4:3)
Ескертулер: Илич 45, Максимович 90 — Морен 75
Алаңнан қуылды: Твумаси 71
«Астана»: Эрич, Аничич, Максимович, Жуков (Кетевоама 88), Нөсербаев (Бейсебеков 60), Джолчиев, Илич (Кабананга 46), Твумаси, Постников, Шомко, Каньяс
ХИК: Эрлунн, Баах, Хейккинен, Танака (Хейккиля 90), Хавенаар, Морен, Джаллоу (Менди 78), Сорса, Шюллер, Зенели, Мусси
Бас төреші: Алон Йефет (Израиль)
5 тамыз. Астана. «Астана Арена». 

Кездесу статистикасы:

Допқа иелік ету: 56% — 44%
Қақпаға соққы: 27 — 8
Қақпаға дәл соққы: 12 — 3
Қақпа бағаны мен маңдайшасы: 1 — 1
Ереже бұзу: 16 — 14
Офсайдтар: 0 — 0
Бұрыштама добы: 5 — 4
Сары қағаз: 2 — 1
Қызыл қағаз: 1 — 0
Ойыншы алмасу: 3 — 2. 

Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі құтты болсын! Қазақстандық клубтың келесі қарсыласы 7 тамыз күні анықталатын болады. Жеребе тастау рәсімі Швейцарияның Ньон қаласында өтеді. 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама