Жұлдызды футболшыларымыз ресейлік әріптестерін 3-1 есебімен жеңді (фоторепортаж)
«Старко» ресейлік командасымен тартысты өткен матчта бірінші болып Жұбаныш Жексенұлы 11 метрлік айып добын сәтті орындады. 35 минутқа созылған бірінші тайм есебі 1-0 болған еді. Үзілістен кейін «Шоколад қоян» атанып кеткен Пьер Нарцисс те пенальтиден доп соғып, есепті теңестірді. Екінші допты тағы да Жұбаныш Жексенұлы баспен соғып, қарсылас қақпасында тулатты. Матч соңында Сәкен Майғазиев үшінші голды қақпаға тоғытты. Жұлдызды ойынды көруге келген көрермен еліміздің әнші-футболшылары соққан әрбір голында аяғынан тік тұрып, қошемет көрсетті.
Ресейлік ұжымның қатарында Владимир Пресняков, Андрей Мисин, "Зодчие" тобы, "Ариэль" тобы, Сергей Беликов, Валерий Сюткин, Крис Кельми, Сергей Крылов, Владимир Кузьмин, Илья Авербух, Алексей Глызин, Эдгар Запашный, Александр Барыкин, Влад Топалов, Иракли Пирцхалавалар ойын көрсетуі тиіс делінсе де, бұл қатарда Владимир Пресняков жоқ болып шықты. Ойынды белгілі футбол комментаторы Виктор Гусев жүргізді.
Ресейлік "Старко" командасының толық құрамы
Ескерте кетейік, екі елдің арасындағы «жұлдызды» кездесу тұңғыш рет болып отыр. «Алатау» футбол клубы отандық футболды қолдау мақсатында 2004 жылы құрылған болатын. Оның құрамында Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілов, Мұқасан Шахзадаев, Жұбаныш Жексенұлы, Ерлан Әлімов, Ғаділбек Жанай, "Арай" тобы, "Rin'Go" тобы, Нұржан Керменбаев, Дәурен Сейітжан және басқалар бар.
Қазақстандық эстрада әншілері кәсіпқой ойыншылармен тең ойын көрсетті десек артық емес шығар...
"Ерке" тобы бірінші тайм аяқталған соң ән айтып, "Алатау" командасына рух берді.
Сахналастарын қолдау үшін басқа да жұлдыздар келген. Ақбота Керімбекова, Меруерт Түсіпбаева, Нұрлан Еспанов, "Ринго" тобының мүшесі Данияр Өтегендер жұртпен бірге өз командасы үшін жанкүйерлік етті.
Көрермендер стадионға лық толды.
Нұрлан Еспанов нағыз жанкүйер екенін дәлелдеді.
Данияр Өтеген голдан кейін...
Бұл ойында Мейрамбек Беспаев алаңнан төрт рет шығып, төрт рет кірді. Кәсіби ойын болмағандықтан, ойын барысында мұндай "жеңілдіктер" де қарастырылған екен.
Әйгілі жолбарыс баптаушы Эдгар Запашный бапкерінен ақыл-кеңес сұрауда...
Бар-жоғы 35 минуттан тұратын екі таймда Иракли де төрт рет алаңнан шығып, төрт рет кірді.
"Алатау" командасына жалғыз гол салған Пьер Нарцисс.
Сәкен Майғазиев, әнші:
– Футбол ойнаудың қыр-сыры көп. Тіпті симуляция дейді ғой, сол қасақана құлаудың өзі бір өнер екен. Біз өз кезегімізде шама-шарқымызша намысқа тырысып ойнадық. Бұл ойынға «МузАРТ» тобы қалған істерін ысырып қойып, бір ай бойы дайындалды. Футбол бұл өте тамаша ойын. Жастарға үлгі болсын деген ойымыз бар. Бүгінгі ойынымызды ТМД елдерінің достығының белгісі ретінде ұйымдастырып жатырмыз. Достығымыз нығая берсін!
Иракли Пирцхалава, әнші:
– Өз басым гастрольдік сапарлардан келгендіктен, еш дайындығым болмады. Биыл аяғым бірінші рет допқа тиіп тұр. Біз бүгін жеңдік. Себебі біз қазір Алматыдамыз, мына алаңға шықтық, қайырымдылық ойынға қатыстық. Мұқтаж балалаларға осындай әр көмегіміз біз үшін мереке, қуаныш.
Мейрамбек Беспаев, әнші:
– Қарсыластарымыздың кім екенін біліп, бір-екі ойынын көрдік. Бірақ оған аса бас қатырмадық. Өзіміздің қалай ойнап, қандай тактика қолданатынымызды ойластырдық. Бірақ қарсыласымыздан емес, жанкүйерлерімізден ұятқа қалып қалармыз деп қорыққан едік. Құдайға шүкір, үмітті ақтадық. Жалпы кез келген спорт түрі денсаулыққа пайдалы ғой. Жастарға үлгі болсын дедік, оның үстіне әншілеріміздің көбісі футболды жақсы көреді.
Ойын аяқталған соң ресейлік шоу-бизнес өкілдері мен отандық орындаушыларымыз үш сағаттық концерт берді.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: Ардақ Құлтай