Жүлденің ауылы алыстады
Қазақстандық «Mobilex Racing Team» командасының экипаждары Юрий Сазонов пен Арслан Сахимов және Қанат Шагиров пен Александр Мороз жұптары 494 шақырым жолды 4 сағат 17 минут 37 секундта басып өтті. Жерлестеріміздің арасын 3 минут 1 секунд бөлді.
Х кезеңнің жеңімпазы болып француздық экипаж Жан-Луи Шлессер мен Тьер Магнальди жұбы танылды. Олар жалпы қорытынды есепте екінші келе жатқан бельгиялық Жак Луманс пен Фриц Дрисманстан 1 сағат 42 минут 14 секунд озып шықты. Ал қазақстандық Шагиров пен Мороз экипажы 13-ші, Сазонов пен Сахимов жұбы 16-шы сатыдан көрініп отыр.
Айта кетейік, «Africa Eco Race-2014» – атақты классикалық Дакар жолымен өтетін халықаралық ралли-марафон саналады. Биылғы жылы жарыс үш мемлекеттің (Марокко, Мавритания және Сенегал) аумағын басып өтеді. Ралли 2013 жылдың 29 желтоқсанында Францияның Сен-Сиприенінде жалауын көтерген болатын. Ал жарыс бүгін Дакардағы Қызғылт көл маңайында мәреге жетеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz