Жозе Моуринью ресми түрде «МЮ» тізгінін ұстады
Жаттықтырушы мен команда үшжылдық келісімшартқа қол қойды. Жылына 12 миллион фунт стерлинг көлемінде жалақы алатын болады.
Жозе Моуринью жақында ғана қызметінен кеткен Луи ван Галдың орнына келіп отыр. Нидерландылық маман 2014 жылдан бері «Манчестер Юнайтедті» жаттықтырып, ірі жетістіктерге жете алмаған болатын. Ал португалдық жаттықтырушы осы маусымдағы лондондық «Челсидегі» сәтсіз ойынынан кейін қызметінен кеткен еді.
- «Манчестер Юнайтедті» жаттықтыру – мен үшін үлкен құрмет. Әлемдегі ең танымал, әрі өзгелермен салыстыруға келмейтін ұжым. Маған «Олд Траффорд» ылғи жылы ұшырайтын. Енді осында қызмет ету бұйырып отыр. Жанкүйерлермен тығыз байланыста болып, олардың үлкен қолдауына ие боламын деген сенімдемін, - деді Жозе Моуринью.
Айта кетейік, Жозе Моуринью – әлемдегі ең беделді жаттықтырушылардың бірі. 2003 жылдан бергі аралықта Еуропаның талай азулы командаларымен ірі жетістіктерді бағындырды.
Батыстық ақпарат құралдарының хабарлауы бойынша, жақын күндері «қызыл сойқандар» қатарына әйгілі швед шабуылшысы Златан Ибрагимович қосылуы мүмкін. Ол командада ойыншы-бапкер қызметін атқарады деп хабарлануда.