Жозе Моуринью: "Мен "Реалдан" Гарет Бэйлды сатып алуды өтінген едім"

Болат Қосмағамбет Корреспондент

Айта кетейік, өткен маусым аяқталысымен португалдық маман испандық клубты тастап, лондондық "Челсиге" қайтып оралған еді. Ал оның орнына "Реал" басшылығы Карло Анчелоттиді қойған болатын. Қазіргі кездегі батыстық спорт баспасөздері тек Гарет Бэйлдың Мадридке қоныс аударуының ықтималдығы жөнінде жазып жатқанын ескерсек, Жозе армандаған футболшы "Реалға" келетін сияқты. 

"Мен өткен жылы "Реалдан" Бэйлды сатып алуды өтінген едім. Алайда ол кезде бұл трансфер жүзеге асқан жоқ,-дейді Моуринью. - Дегенмен футболшы осы маусым басталысымен "Реал" қатарына қосылады деп сенемін. Егер клуб оған қол жеткізіп жатса, мен ол үшін тек қатты қуанамын. Бірақ, әрине Гаретке өзіне құйылған мұндай қаржыны ақтауы қажет. Сондықтан оған дәл осындай қысым астында ойнау да оңайға соқпасы анық".

"Мен Бэйлды тамаша ойыншы деп есептеймін. Оған мен баптаған "Реал" қатарында ойнау әлдеқайда оңайырақ болар еді. Мен Карлоның ол туралы не ойлайтынын білмеймін. Дегенмен ол тәжірибелі бапкер болғандықтан, Гаретті жақсы жағына пайдаланады деп сенемін",-деп келтіреді Жозе сөзін goal.com.

Қазіргі таңда Гарет Бэйл "Тоттенхэм" клубымен 2016 жылға дейін келісімге отырған. Десек те футболшының өзі осыған дейін "Реал" құрамына ауысқысы келетіндігін айтқан болатын. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, "корольдік клуб" бұл ойыншы үшін футбол тарихында бұрын-соңды болып көрмеген 115 миллион еуроға шығындалуға әзір.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: gazeta.ru

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама