"Жетісу" мен "Қызылжар" премьер-лигаға жолдама алды
Кеше Талдықорғанның «Жетісу» командасы өз алаңында Шымкенттің "Қыран" командасын 3:0 есебімен ұтып, 20 ойыннан 52 ұпаймен турнирлік кестеде жеке дара көш бастап келеді. Ал Петропавлдың "Қызыл-Жары" өз жанкүйерлері алдында "Мақтаарал" футболшыларымен тең түсіп (0:0), 42 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Нәтижесінде қос клуб бірінші лиганың аяқталуына 5 тур жетпей 2018 жылғы маусымда премьер-лигада ойнау мүмкіндігіне ие болды.
- Үшінші орындағы "Қайрат А" ұжымының еншісінде – 34 ұпай. Бірақ бұл команданың премьер-лигаға шығуға құқы жоқ. 2017 жылғы Бірінші лиганың регламентіне сай үш команда жоғары топқа шыға алмайды. Олар – "Қайрат А", "Шахтер-Болат" және "Байқоңыр" командалары. Себебі бұл үшеуі "Қайрат", "Шахтер" және "Қайсар" клубтарының құрылымдық жүйелеріне кіреді.
Дәл қазір бірінші лигада 5-орында тұрған "Мақтааралдың" 26 ұпайы ғана бар. Яғни бұл команда биылғы Бірінші лига додасы аяқталғанша, "Жетісу" мен "Қызыл-Жарды" енді қуып жете алмайды. Яғни Талдықорған және Петропавл жанкүйерлерін өз клубтарының премьер-лигаға оралуымен құттықтай беруге болады. Енді қалталары көтерсе, қаржылай жағдайлары тұрақты болса, қайтадан ел чемпионатының ең жоғарғы тобында доп тебетін болады, - деп жазады Астана футбол федерациясының ресми сайты.
Айта кетейік, "Жетісу" премьер-лигадан 2016 жылы, ал "Қызыл-Жар" 2009 жылы шығып қалған еді.