Жерар Гоу "Қайрат" жанкүйерлерімен қоштасты
Осыған дейін шабуылшы алматылық командамен келісімшарты аяқталысымен кететіні жайлы хабар тараған-ды. Үш маусым "Қайрат" сапында ойнап, клуб тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды.
28 жастағы ивуарлық футболшы алматылық команда сапына 2014 жылы Ресейдің "Краснодар" клубынан ауысып келген еді. Одан бергі аралықта Қазақстан премьер-лигасында 102 ойынға қатысып 80 гол соқты. Соңғы үш маусымда да үздік сұрмерген атанды. Ал барлық турнирлерді қоса алғанда 143 ойыннан 103 гол соққан.
- Мен барлығына рақмет айтқым келеді! Алдымен Қазақстан халқынан бастаймын. Мен сіздерді сүйемін. Мені ыстық ықыласпен қарсы алдыңыздар. Футболды жақсы көретін барлық жанкүйерлерге алғысымды жеткіземін. Рақмет ҚФФ. Қиын сәтте де, жеңісті сәттерде де Қайрат командасына қызу қолдау білдірген жанкүйерлерге көп рақметімді айтамын. Командалас әріптестеріме де алғысым шексіз. Біз барлығымыз Қазақстан футболының жоғары деңгейге көтерілу жолында тер төктік. Мен Қайрат футбол клубын ешқашан ұмытпаймын. Әсіресе клуб президенті мақтан тұтамын. Ол мені баласындай жақсы көріп, сенім артқанына,талантымды ұштауыма сеп болды. Осы хабарлама арқылы Қайрат командасымен жолымыз екі айырылғанын айтқым келеді. Мен халық командасы үшін қашанда дайынмын. Бәлкім, көп кешікпей Қазақстан футболына қуаныш сыйлау үшін қайта қауышып та қалармыз. Мен сендерді сүйемін. Алға "Қайрат", - деп жазды шабуылшы.
Айта кетейік, таяуда ғана Jeune Afrique журналы Жерар Гоу "Қайратта" жылына 2 миллион еуро алатыны жайлы жазған еді. Шабуылшыға Белградтың "Партизан" футбол клубы қызығушылық танытуда.