Жеңіл атлетикадан ӘЧ: Сегізінші күн

Болат Қосмағамбет Корреспондент

Сенбі күнгі жарыста Ресей құрама командасы екі алтын және екі қола медальға қол жеткізді. Чемпиондық атаққа 4х400 метрге жүгіруде Юлия Гущина, Татьяна Фирова, Ксения Рыжова мен Антонина Кривошапкалар ие болды. Ал екінші алтынды биіктікке секіруден Светлана Школина алып келді. Осы жарыс түрінен осыған дейін әлем чемпионы деген атағы бар Анна Чичерова (Ресей) тек үшінші орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Екінші бір қоланы найза лақтырудан Дмитрий Тарабин жеңіп алды.

Осындай жетістігінің арқасында Ресей командасы медальдар жарысында бірінші орынға шықты. Жарыс қожайындарының қоржынында қазіргі кезде жеті алтын, үш күміс және бес қола медаль бар. Екінші орында көшбасшы мәртебесінен айырылған американдық спортшылар тұр. Оларда 6 алтын медаль бар. Үшінші орынды Ямайка құрамасы қорытындылады (4-2-1). 

Ресей құрамасы, эстафета 4х400 метрге жүгіру (әйелдер)


Юлия Гущина, Татьяна Фирова, Ксения Рыжова және Антонина Кривошапка бастаған Ресей командасы бұл қашықтықты 3 минут 20,19 секундта басып өтіп, әлем чемпиондары атанды. Кешкілік жарыс қорытындысында олар осы күннің үздік спортшылары деген атаққа да қол жеткізді. Айта кету керек, жарыс басталмастан бұрын мамандар жеңісті АҚШ қыздарына беріп қойған еді. Екінші болып американдық желаяқтар келді (3.20,41), үшінші жүлделі орын Ұлыбритания қыздарына тиді (3.22,61).

Светлана Школинаесей), биіктікке секіру (әйелдер)


Школина өзінің бірінші мүмкіндігінде-ақ 2,03 метрді бағындырып, алтыннан алқа тағынды. Екінші орын американдық Бриджетта Барретке бұйырды (2,00). Олимпиада чемпионы және 2011 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы Чичерова қоланы испандық Рута Бейтимен бөлісті. Олардың екеуі де 1,97 метр биіктікті бағындырды.  

Стивен Кипротич (Уганда), марафон (ерлер)


Жеңімпаз ең алыс қашықтықты (42 шақырым 195 метр) 2 сағат 9 минут 51 секундта басып өтті. Екінші болып мәреге эфиопиялық Лелиса Десиса (2:10.12) келді. Қоланы тағы да бір эфиопиялық желаяқ қыз Тадесе Тола иеленді (2:10.23).

Месерет Дефар (Эфиопия), 5000 метрге жүгіру (әйелдер)


Бұл жарыста да алтын медаль алдын-ала болжанғандай екі дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы Дефарға бұйырды. Ол бұл аралықты 14 минут 50,19 секундта жүгіріп өтті. Күміс кениялық Мерси Черонода (14.51,22). Қоланы эфиопиялық Алмаз Аяна жеңіп алды (14.51,33).

Усейн Болт (Ямайка), 200 метрге жүгіру (ерлер)


Кеше көпшілік асыға күткен жарыстың бірі ерлер арасындағы 200 метр қашықтық болатын. Бұл жарыста қазіргі кездегі әлемдегі ең жылдам адам Усейн Болтқа тең келер ешкім табылмады. Ол 19,66 секунд нәтижесімен биылғы маусымдағы әлемдегі ең үздік нәтижені тіркеді. Осылайша ол осы әлем чемпионатындағы екінші алтын жүлдесіне қол жеткізіп отыр. Осыған дейін ол 100 метр қашықтықта жеңімпаз атанған болатын. Күміс медаль оның отандасы Уоррен Уэйрге бұйырды (19,79). Американдық Кертис Митчелла (20,04) қоланы қанағат тұтты.

Витезслав Веселы (Чехия), найза лақтыру (ерлер)


Веселы лақтырған найза 87 метр 17 сантиметрді көрсетіп, әлем чемпионы атанса, екінші орынды фин Тер Питкямяки иеленді (87,07). Қола медаль ресейлік Дмитрий Тарабинге соңғы мүмкіндігінде ғана бұйырды (86,23).  

Брианна РоллинзҚШ), 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру (әйелдер)


Роллинз көрсеткен уақыт 12,44 секунд болды. Екінші орын Олимпиада чемпионы аустралиялық Сара Пирсонде (12,50). Мәре сызығын үшінші болып британдық Тиффани Портер кесті (12,55).

Ал енді назарларыңызға бүгін, 18-тамыз чемпионаттың соңғы күні болатын жарыстар кестесін ұсынамыз.  

18:00 (Астана уақытымен) Найза лақтыру. Әйелдер. ФИНАЛ

Фаворит: Мария Абакумова (Ресей)

18:15 – Эстафета 4х100 м жүгіру. Әйелдер. 1-кезең

18:45 – Үш қарғып секіру. Ерлер. ФИНАЛ

Фавориттер: Тедди Тамго (Франция), Кристиан Тейлор (АҚШ)

18:50 – Эстафета 4х100 м жүгіру. Ерлер. 1-кезең

19:25 – 1500 м жүгіру. Ерлер. ФИНАЛ

Фаворит: Асбель Кипроп (Кения)

19:50 – 800 м жүгіру. Әйелдер. ФИНАЛ

Фаворит: Мария Савинова (Ресей)

20:10 – Эстафета 4х100 м жүгіру. Әйелдер. ФИНАЛ

Фавориттер: АҚШ, Ямайка

20:40 – Эстафета 4х100 м жүгіру. Ерлер. ФИНАЛ

Фаворит: Ямайка

Әлем чемпионатының қорытынды жарыс күніндегі жеңістер туралы біз сіздерге ертең хабарлайтын боламыз.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: pravda-nn.ru, rus.ruvr.ru

 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама