Жеңіл атлетикадан ӘЧ: Екінші күн

Болат Қосмағамбет Корреспондент

Әлем чемпионатын қабылдаушы Ресей құрамасы қатарынан Александр Иванов спорттық жүрістен алтын медаль еншіледі. Осы жетістігінің арқасында әзірге ресейліктер Хорватия және Ұлыбритания мемлекеттерімен бесінші орынды бөлісіп отыр. Ал көшбасында АҚШ спортшылары келе жатыр. Олардың қоржынында екі алтын және бір күміс медаль бар. Одан кейінгі орындарда бір-бір алтыннан алған Кения мен Эфиопия тұр.

АЛЕКСАНДР ИВАНОВ (Ресей), 20 шақырымға спорттық жүріс (ерлер)


Иванов бұл қашықтықты 1 сағат 20 минут 58 секундта бағындырып, әлем чемпионы атанса, екінші орын Олимпиада чемпионы қытайлық Чэнь Динге бұйырды (1:21:09). Қола медаль испан Мигель Анхель Лопесте (1:21:21).

БРИТТНИ РИЗ (АҚШ), ұзындыққа секіру (әйелдер)


Іріктеу кезеңінен әзер дегенде өткен Риз финалдық бәсекеде 7,01 метр ұзындықты бағындырып, чемпион атанды. Күмісті нигериялық Блессинг Окагбаре ұтып алса (6,99), қола медаль серб атлеті Ивана Спанович қанжығасында кетті (6,82).

ЭШТОН ИТОН (АҚШ), онсайыс (ерлер)


Бұл жарыста Олимпиада чемпионы, американдық Итонның жолы болды. Ол онсайыс қорытындысы бойынша 8809 ұпай иеленіп, әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Екінші орында неміс Михаэль Шрадер (8670 ұпай), үшінші канадалық Дамиан Уорнер (8512 ұпай). Естеріңізге сала кетейік, онсайыста ел намысын қорғаған Дмитрий Карпов кеше жарыс жолынан шығып қалған болатын.

САНДРА ПЕРКОВИЧ (Хорватия), диск лақтыру (әйелдер)


Диск лақтырып жарысқан спортшы әйелдердің ішінде 67,99 метр нәтижесімен хорватиялық Сандра Перкович жарыс жеңімпазы атанды. Күміс алқаға француз Мелина Робер-Мишон қол жеткізсе (66,28), қола кубалық Ярелис Барриоста (64,96).    

ТИРУНЕШ ДИБАБА (Эфиопия), 10 000 метрге жүгіру (әйелдер)


Өткен күні 10 000 метрге жүгіруден Эфиопия ерлеріне бұйырмаған алтын алқаға әйелдер қол жеткізді. Үш дүркін Олимпиада чемпионы Дибаба бұл аралықты 30 минут 43,35 секундта басып өтіп, чемпион атанса, күмісті кениялық Глэдис Чероно еншіледі (30:45,17). Қола тағы бір эфиопиялық Белейнеш Олджирада (30:46,98).  

УСЭЙН БОЛТ (Ямайка), 100 метрге жүгіру (ерлер)


Сондай-ақ кеше жарыстардың төресі, ең қысқа қашықтыққа жүгіруден ерлер арасындағы финалдық кезең болып өтті. Джастин Гатлин, Неста Картер сияқты жүйріктер жиналған сайыста қазіргі таңдағы әлемдегі ең жылдам адам ямайкалық желаяқ Усейн Болт әзірге өзімен ешкімнің бәсекелесе алмайтынын тағы да бір дәлелдеді. Әрине көпшілік одан кезекті әлем рекордын күткені анық. Алайда ол үміт ақталмады. Десек те нәтиже жаман емес – 9,77 секунд. Осылайша Усейн Болт алты дүркін әлем және Олимпида чемпионы атанып отыр. Екінші болып мәре сызығын Афины Олимпиадасының чемпионы американдық Джастин Гатлин кесті (9,85 секунд). Үшінші орын тағы да бір ямайкалық атлет Неста Картерде (9,95).

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/T4gJR9qt-Ac","width":"450","height":"320"});

Айта кетейік, аталған жарыс түрлерінен Қазақстан құрамасының атлеттерінің бірде-біреуі финалдық кезеңге өте алған жоқ.  

Енді бүгінгі күннің басты бәсекелеріне тоқталайық.

21:00 (Астана уақытымен) – Сырықпен секіру. Ерлер. ФИНАЛ

Фаворит: Рено Лавийени (Франция)

21:05 – 110 м кедергілер арқылы жүгіру. Ерлер. Жартылай финал

21:35 – 100 м жүгіру. Әйелдер. Жартылай финал

22:05 – 400 м жүгіру. Ерлер. Жартылай финал

20:25 – Ядро лақтыру. Әйелдер. ФИНАЛ

Фаворит: Валери Адамс (Жаңа Зеландия)

22:30 – Балға лақтыру. Ерлер. ФИНАЛ

Фаворит: Кристиан Парш (Венгрия)

23:15 – 400 м жүгіру. Әйелдер. ФИНАЛ

Фавориттер: Амантл Монтшо (Ботсвана), Кристин Охуруогу (Ұлыбритания)

23:30 – 110 м кедергілер арқылы жүгіру. Ерлер. ФИНАЛ

23:50 – 100 м жүгіру. Әйелдер. ФИНАЛ

Фавориттер: Шелли-Энн Фрэйзер-Прайс (Ямайка), Блессинг Окагбаре (Нигерия). 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: migsport.com

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама