18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның Джакарта және Палембанг қалаларында өтетін жазғы Азия ойындарында корейлер тұтас бір команда болып жарысқа шығады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауы бойынша, Солтүстік Кореяның Олимпиадаға жолдама алған спортшылары мен бапкерлері жарыс алдында біріккен оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу үшін Оңтүстік Кореяға келген. Хабарламада Делегация құрамына 18 каноэші, сегіз ескек есуші, төрт баскетболшы қыз және оларды ертіп жүретін төрт адам енген. Олар Пхеньяннан Бейжің арқылы Инчхон халықаралық әуежайына келіп, Сеулден оңтүстікке қарай 150 шақырымда орналасқан Чхонджуға кетті. Екі апта бойы олар Чхонджоуда оңтүстік кореялық спортшылармен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізбек, деп жазылған. Естеріңізде болса, биыл Оңтүстік Кореяда өткен ХХІІІ қысқа Олимпиадада екі елдің хоккей спортынан әйелдер командасы мұз айдынына бір команда болып шыққан еді. Осы оқиғадан кейін, екі елдің спортшылары Джакарта мен Палембанг қалаларында өтетін байрақты бәсекеде бір тудың астында өнер көрсетуге шешім қабылдапты. Бұл екі ел арасында алғаш рет болғалы тұрған жағдай емес. Осыған дейін, 1991 жылы Женевада үстел теннисінен өткен әлем чемпионатында Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея спортшылары жарысқа бір команда есебінде қатысқан еді. Нәтижесінде, бірлесе күш сынасқан корейлер сол чемпионатта 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальді жеңіп алды.