Жансая Әбдімәлік FIDE-нің онлайн турнирінде жүлдегер атанды
FIDЕ ұйымдастыруымен өткен турнир әлемнің тұңғыш чемпионы Вильгельм Стейництің құрметіне арналды. Жарыс 15-17 мамыр күндері аралығында Chess24 ойын платформасында өтті. Жарысқа қатысушыларды федерация президенті Аркадий Дворковичтің өзі таңдап алған.
Қыздар арасындағы сынға Жансая Әбдімәліктен бөлек әлемнің бұрынғы чемпиондары ресейлік Александра Костенюк, қытай спортшысы Тан Чжуньи, Болгария өкілі Антоанета Стефанова, рапид пен блицтен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Екатерина Лагно, Қытай чемпионы Лей Тинцзе және де өз елдерінің нөмірі бірінші спортшылары Мари Себаг (Франция), Сарасадат Хадемальшарьех (Иран), Элизабет Петц (Германия), Дейси Кори (Перу) қатысты.
Супер-турнир екі айналымда өтіп, жарысқа қатысушы әр спортшы 18 партия ойнады. Қыздар арасында онлайн турнирде ресейлік Катерина Лагно топ жарса, Қытай чемпионы Лей Тинцзе екінші орынды алды. Ал Жансая Әбдімәлік 11,5 ұпаймен қола жүлдені еншіледі.
Қазақстандық шахматшы жеті партияда қатарынан жеңісе жеткен, оған қоса күміс жүлдегер Лей Тинцзеден басым түсті. Ал жарыс жеңімпазы Катерина Лагномен тең ойнады. Бұған қоса Жансая Әбдімәлік жарысқа қатысушылардың ішіндегі ең жасы болды.