Жанкүйерлер «Астанадан» тарихи жеңіс күтеді
Чемпиондар лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастаған «Астана» қос ойын қорытындысы бойынша Словенияның «Марибор» клубын жарыс жолынан шығарды. Кей еуропалық басылымдар үшін бұл нәтиже кішігірім сенсация да болды. Сырт алаңда қазақстандық клуб 1:0 есебімен ұтылғанмен, өз алаңында жанкүйерлерін өкіндірген жоқ. Бар шеберліктерін танытып, 3:1 есебімен ұтты. Енді «ХИК» клубынан айласын асырса, қазақ футболын жаңа маусымның басты жаңалығы күтіп тұр.
«Астана» фин ұжымына қарсы ойында фаворит саналып отыр. Мұны қарымта ойынды өз алаңында өткізетінін ескеріп қана емес, ойын сапасына да қарап бағамдауға болады. Елордалық клуб Хельсенкиде жеңіске жетуіне мүмкіндік болған. Бірақ, пайдалана алмаған еді. Енді «Астана-Аренада» барын салары анық. Қазақстандық клуб жеңіске жетіп жатса, плей-офф кезеңіне өтетін болады. Плей-оффта жеңіске жетсе – Чемпиондар лигасы, сүрінсе – Еуропа лигасының топтық кезеңіне түседі.
«ХИК» клубы құрамында Демба Сабаж «Астанаға» қарсы ойында алаңға шықпайды. Шабуылшы жаттығу кезінде жарақат алған. Команда Елордаға 20 футболшымен келді. Бірнеше күннен бері «Астана-Аренада» жаттығу өткізіп жүрген клуб, стадиондағы жарықтың толық жанбауына өкпелерін білдіріпті. Бұл туралы фин елінің басылымдары жазуда.
«Астана» сапында Рохер Каньяс негізгі құрамға оралды. Ол «Мариборға» қарсы ойында алаңнан қуылған еді. Жанкүйерлер колумбиялық легионерге үлкен сенім артуда. Ал қонақтар сапынан Оусман Джаллоу «Астана» қақпасына көбірек қауіп төндіруі мүмкін ойыншылардың бірі саналап отыр. Шабуылшы Майк Хавенармен бірге жартылай қорғаушы Атум Танака да сәтті өнер көрсетіп жүр.
Бүгінгі ойынға Израильдан келген төрешілер қазылық жасайтын болады. Бас төреші Алон Йефетке алаң жиегінде Рой Хассан мен Саги Мазамбер көмектесетін болады. Ал қосалқы төреші қызметін Гай Бергер атқаратын болады.
Командалардың бүгін алаңға шығатын жейделері
Букмекерлік орталықтар да «Астананы» фаворит санауда. Станимир Стойлов шәкірттерінің жеңісіне – 1,62 коэффициент, тең ойынға – 3,62, «ХИК» жеңісіне 5,98 коэффициент ұсынуда. Ал «Астананың» плей-офф кезеңіне өтуін – 1,53, «ХИК»-тің сәттілігін 2,5 коэффициентке бағалауда.
«Астана» мен «ХИК» арасындағы ойын бүгін өтеді. Астана уақытымен сағат 20:00-де басталатын кездесуді қазақстандықтар «KazSport» арнасынан тамашалай алады. Қазақстандық клубтан тарихи жеңіс күтеміз!