Жанқош Тұраров әлемдік рейтингте 137 орын жоғарылады
Отандасымыз 6 шілде күні Нұр-Сұлтанда өткен бокс кешінде аргентиналық боксшы Мауро Годойды (31-5-1, 16 КО) үшінші раундта нокаутқа түсірген еді. Осы жеңісінен кейін қазақстандық боксшы рейтингте 204-орыннан 67-орынға бір-ақ көтерілді. Тізімге барлығы 1690 боксшы енген.
Жанқош Тұраров бақ сынайтын салмақта WBA (Super) чемпионы америкалық Реджис Прогрейс (24-0, 20 КО) көш бастап тұр. Одан кейінгі орында IBF чемпионы британдық Джош Тейлор (15-0, 17 КО) келеді. WBO чемпиондық атағына ие америкалық Морис Хуккер (26-0-3, 17) үздік үштікке енген. Осы салмақта жұдырықтасатын тағы бір боксшымыз Батыр Жүкембаев (16-0, 13 КО) 22-орында тұр.
Айта кетейік, Жанқош Тұраров екіжылдық үзілістен кейін барып шаршы алаңға оралды. Британдық MTK Global менеджерлік компаниясымен келісімге қол қойып, ұзақ уақытқа созылған демалысынан кейінгі бірінші жекпе-жегін 1 маусым күні Кардиффте өткізді. Ганалық боксшы Ричмонд Джанбергті (29-4-1, 23 КО) нокаутпен ұтты.