Жәнібек Әлімханұлы мен Василий Левит әлем чемпионатының ширек финалына шықты
75 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын Жәнібек Әлімханұлы екінші айналымда мексикалық Мисаэл Родригесті айқын басымдықпен жеңді. Үш раундта да төрешілер отандасымызды жеңімпаз ретінде таныды. Ал 91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Василий Левиттің бразилиялық қарсыласы Жуан Гонсалес Ногуэйр шаршы алаңға шыққан жоқ. Нәтижесінде қазақстандық боксшы бірде-бір жекпе-жек өткізбей, дүбірлі доданың ширек финалына жолдама алды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Катарға 8 боксшымен аттанған болатын. Алайда 56 келіге дейінгі салмақта Қайрат Ералиев пен 60 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Закир Сафиуллин жарысты ерте аяқтады. Дохадағы дода 15 қазанға дейін жалғасады.