Қазақстандық кәсіпқой боксшылар Жәнібек Әлімханұлы мен Сағадат Рахманқұлов кезекті жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтті. Отандастарымыз жексенбінің таңында жекпе-жек өткізеді. 4 қараша күні АҚШ-тың Техас штатындағы Эль-Пасодағы Don Haskins Convention Center кешенінде қазақ боксшылары Жәнібек Әлімханұлы мен Сағадат Рахманқұл бокс кешінің андекартында шаршы алаңға шығатын болады. Басты жекпе-жек мексикалық Мигель Берчельт (34-1, 30 КО) пен Мигель Роман (60-12, 47 КО) арасында өтеді. Бұл Жәнібек Әлімханұлының (3-0, 1 КО) кәсіпқой бокстағы төртінші жекпе-жегі болмақ, оның қарсыласы 32 жастағы америкалық былғары қолғап шебері Вон Александр (12-1, 8 КО). Ал Сағадат Рахманқұл (3-0, 1 КО) пуэрто-рикалық Никлаус Флазбен (5-1, 4 КО) қолғап түйістіреді. Салмақ өлшеуден боксшылар сәтті өтті. Жәнібек қарсыласынан ауырлау болса, Сағадат пен Никлаус Флаздың салмағы бірдей шықты. Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлының әуесқой бокста қол жеткізген жетістіктері бір төбе. Ол әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. 2018 жылы Жәнібек кәсіпқой боксқа ауысып, 3 жекпе-жек өткізіп үлгерді. Барлығында жеңіске жетіп, біреуін нокаутпен аяқтады. Ал, қарсыласы Вон Александр кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізіп, 12-де жеңіске жетіп, 8 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Сағадат Рахманқұл әуесқой бокста 69 келіге дейінгі салмақта 2013 жылы ел біріншілігінде топ жарып, ал 2014 жылы күміс жүлдегер атанған болатын. Отандасымыздың жекпе-жектерін Qazaqstan мен Qazsport телеарналары 4 қараша күні, сағат 04:00-де тікелей эфирде көрсететін болады.