Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді
Ұлттық құрама сапында 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой боксқа біржола бет бұруға шешім қабылдамаған. Алдағы уақытта жаттықтырушыларымен ақылдаса келе бір шешімге келмек. Әзірге ұлттық құраманың демалысын пайдаланып, өзін кәсіпқой бокста бір мәрте сынап көруді жөн санап отыр екен. Дегенмен отандасымыздың әуесқой бокс пен кәсіпқой аренада да бақ сынауына болады. Себебі биыл қабылданған бокс ережесіне сәйкес, кәсіпқой бокста 15 жекпе-жек өткізбеген боксшы әуесқой бокс жарыстарына да қатыса береді.
- Мен Қанат Исламның Алматыда өткізетін жекпе-жегін асыға күтіп жүрмін. Бұл күні мені де кәсіпқой шаршы алаңнан көріп қалуларыңыз мүмкін. Қарсыласым әзірге белгісіз. Белгілі болысымен хабарлайтын боламын. Мен кез келген боксшымен жұдырықтасуға дайынмын, - деді боксшы inform.kz сайтына берген сұқбатында.
Жәнібек Әлімханұлына қарсылас атануы мүмкін боксшының бірі – колумбиялық Милтон Нуньес. 2010 жылы Панамада Геннадий Головкинмен жұдырықтасып, бірінші раундта нокаутпен жеңілген. Сол жекпе-жекте GGG WBA тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық атақты жеңіп алған болатын.
Милтон Нуньес кәсіпқой бокста 50 кездесу өткізген. Соның 33-де жеңіске жеткен. Дегенмен Жәнібектің колумбиялық боксшыға қарсы кездесуі ресми түрде расталған жоқ. Отандасымыздың қарсыласы өзгеруі де мүмкін.
Айта кетейік, 29 қазан күні Алматыда өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегінде Қанат Ислам ганалық боксшы Патрик Аллотеймен қолғап түйістіреді.