Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой боксқа біржола бет бұрды
Бүгін Алматы қаласындағы «Сұңқар» халықаралық трамплин кешенінде өткен баспасөз мәслихатына қатысқан боксшы кәсіпқой боксқа ауысқанын айтты.
- Кәсіпқой боксқа ауысып жатырмын. Басты мақсат – бірінші жекпе-жекті сәтті бастау. Одан кейін жаттықтырушы Нелсьон Лопестің клубы үлкен ұсыныс жасап отыр. Барлығы осы жекпе-жектен кейін белгілі болады. Жалпы, өзім біржола кәсіпқой боксқа ауыстым деп ойлаймын.
Осыдан бірнеше күн бұрын екі ойлы болып жүрген болатынмын. Кейіннен жеке жаттықтырушыммен, жақын жандармен ақылдаса келе кәсіпқой бокс жолын таңдадым, - деді Жәнібек Әлімханұлы.
Айта кетейік, 29 қазан күні Алматыда өтетін бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы колумбиялық боксшы Милтон Нуньеспен жұдырықтасады. Ал бұл кештегі басты жекпе-жекте отандасымыз Қанат Ислам ганалық Патрик Аллотеймен «WBO Intercontinental» чемпиондық белбеуіне таласатын болады.