Бокстан 2013 жылы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой боксқа біржола бет бұрды. Танымал менеджер Эгис Климаспен келісімшартқа қол қойып, мансабын Геннадий Головкин жұдырықтасатын орта салмақта жалғастырады. Бүгін боксшы Алматыда ашық жаттығу өткізді. Ертең АҚШ-қа аттанады. Онда промоутерлермен келіссөздер жүргізіп, алдағы мансап жолын талқылайтын болады. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста екі жекпе-жек өткізіп үлгерді. 2016 жылдың қазан айында Алматыда өткен бокс кешінде колумбиялық Милтон Нуньесті бірінші раундта-ақ нокаутпен ұтты. Ал өткен жылы жартылай ауыр салмақта өткен жекпе-жекте бразилиялық боксшы Жильберто Перейраны жеңді. Жәнібекке дейін Эгис Климаспен Қанат Ислам да келісімшартқа отырған болатын. Ол танымал боксшылардың талайымен келісімшарттағы менеджер. Онымен келісімде Сергей Ковалев (31-2-1, 27 КО), Василий Ломаченко (10-1, 8 КО), Александр Усик (14-0, 11 КО) бар. Бұлардан өзге қазақстандық боксшылар Мадияр Әшкеев, Сағадат Рахманқұлов, Асхат Уәлиханов пен Мейірім Нұрсұлтанов та осы маманмен бірге жұмыс жасайды.