Жәнібек Әлімханұлы аргентиналық боксшымен жұдырықтасады
Отандасымыз шаршы алаңға шығатын бокс кеші 9 қазан күні Лас-Вегастағы MGM Grand аренасында өтеді.
Бастапқыда Жәнібек үздік 15 боксшы санатына енетін қарсыласпен шығады деп күтілген. Алайда қарсыласы жарақат алып қалып, промоутерлік компания басқа боксшы іздеген еді. Қарсылас табу оңай болмаған. Бұл жайында қазақстандық боксшының PR менеджері Берік Сұлтан facebook желісіндегі парақшасында жазды.
- 18-0 қарсыласымыз жарақат алып, жекпе-жектен бас тартқанын оқыдыңыздар. Промоутерлік компания бүгінге дейін, яғни жекпе-жекке 1 апта қалғанға дейін қарсылас іздеді. Бірнешеуі бас тартты, бірі келісіп тұрып, салмақ жасай алмайтындарын айтты. 1-2 мещоктар шықты. Олардан біз бас тарттық. Коронавирус салдарынан көп залдар жабық. Көп боксшы жаттығу жасай алмай жүр. Біраз қиындықтар туды. Қазіргі жағдайды бәрі түсінеді.
Қысқасы жекпе-жекке 1 апта қалғанда Топ ренк жақсы қарсылас тапты. Gonzalo Coria. Өте тәжірибелі. Құламаған. Солақай. Орта салмақта Аргентинаның нөмірі бірінші кәсіпқой боксшысы. 12 раундтық жекпе-жекті көрген. Әккі. Бұйыртса 9 қазанда жақсы жекпе-жек болады. Күтіңіздер, - деп хабарлады.
Жәнібек өткен жылдың қараша айында жекпе-жек өткізген. Фреснода канадалық Альберт Онолуносені нокаутпен ұтқан еді. Одан бері шаршы алаңға шықпаған-ды.