Жәнібек Әлімханұлы «Astana Arlans» сапында алғашқы жекпе-жегіне шығады
«Арландар» деген атпен танылып кеткен қазақстандық клуб пуэрто-рикалық «Құйындарға» қарсы ең таңдаулы құрамын шығарғалы отыр. Негізінен Марат Жақиевтің кез келген шәкіртін осал деп айта алмайсың. Десе де бесінші кездесуге шығатын боксшылардың тәжірибесі жоғары екенін айта кеткен жөн. Осыған дейін халықаралық ареналарда өнер көрсетіп, ысылып қалған күрзі жұдырық иелері.
Марат Жақиев сенім артып отырған боксшылардың төртеуі осыған дейін жаңа маусымда өнер көрсетіп үлгерді. Ал әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы болса «Astana Arlans» сапындағы алғашқы жекпе-жегіне шығатын болады.
49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Мардан Берікбаев шаршы алаңға көтеріледі. Оның қарсыласы – Ортис Энтони. Осыған дейін бұл боксшы екі кездесу өткізіпті. Бірінде жеңсе, бірінде жеңілген. Ал Мардан болса маусымдағы екінші жекпе-жегіне шыққалы отыр. Отандасымыз бірінші кездесуде венесуэлалық Йоел Ривас Финолды жеңген болатын.
56 келі салмақ дәрежесінде Мейірболат Тойтов ел намысын қорғайды. Ол да екінші жекпе-жегін өткізгелі отыр. Отандасымыздың қарсыласы – Гамес Гарибальди. Осыған дейін «Puerto Rico Hurricanes» сапында екі кездесу өткізіп, бірін жеңіп, бірінде жеңілген.
64 келіге дейінгі салмақта команда капитаны Самат Бәшенов Жан Риверамен жұдырықтасады. Отандасымыз жаңа маусымдағы екінші кездесуіне шығатын болса, қарсыласы бұл маусымдағы үшінші жекпе-жегін өткізеді екен.
75 келіге дейінгі салмақта Марат Жақиев Жәнібек Әлімханұлын додаға қосқалы отыр. «Astana Arlans» сапына келгелі алғашқы жекпе-жегіне шыққалы отырған отандасымыздың қарсыласы – Джеффри Флас. Осыған дейін бір кездесуге шығып, жеңілген.
«Astana Arlans» клубының бапкерлері бұл жолы да Василий Левитті рингке шығаруды жөн санапты. Яғни, үшінші жекпе-жегіне шыққалы отыр. Осыған дейінгі екі кездесуінде де қарсыласын техникалық нокаутпен ұтқан еді. Ал оның қарсыласы Ричардс Джонсон V маусымдағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді.
Осыған дейінгі төрт кездесудің қорытындысы бойынша қазақстандық клуб «В» тобында көш бастап келеді.
Айта кетейік, «Арландар» мен «Құйындар» арасындағы кездесу 14 ақпан күні Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтеді. Астана уақытымен сағат 17:30-да басталады. Ал тікелей эфирде «Хабар» арнасы көрсететін болады.
Сурет: скриншот, vk.com
Оқи отырыңыз
Жаңа маусымдағы «Astana Arlans» сапына кімдер қосылды?
«Astana Arlans» V маусымды жеңіспен бастады
«Astana Arlans» Польшада «Hussars Poland» клубын жеңді
«Astana Arlans» Губада «Baku Fires» командасын жеңді
«Арландар» «Нокаутшыларды» нокаутқа жіберді