Жақсылық Үшкемпіров спорт кешенін ашты
Көп салалы спорт кешенінің ашылу салтанатына чемпионның өзі, сондай-ақ ҚР спорт агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов, Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Найзабек Сағымбаев, грек-рим күресінен ел құрамасының бас бапкері Таңат Сағындықов және т.б. құрметті қонақтар келді. Жақсылық ағаның жақсылығына ортақтасқандардың арасында ардагер палуан Әбілсейіт Айханов бастаған қазақ спортының кіл майталмандары да қонақ болды. Олардың арасында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Ермахан Ибрайымов, Болат Жұмаділов, Бахтияр Артаев, Юрий Мельниченко, Нұрбақыт Теңізбаев пен Даниял Гаджиев те бар.
Жаңа ашылған спорт кешені ауыл тұрғындарын үлкен қуанышқа бөледі. Келешекте қазақ спортын әлемге паш етер тұлғалар осы босағадан түлеп ұшса деген ниеттерін жеткізді. Енді ауылдың қара домалақ балалары бокс, күрес, ауыр атлетика және басқа спорт түрлерінен үйірмелерге қатыса алатын болады.
Ауқымы 2000 квадрат/метр, жер көлемі 2 гектар аумақты құрайтын көп салалы спорт кешенінің құрылысына 100 миллион қаржы жұмсалыпты.
Спорт кешенінің ашылу салтанатынан фоторепортажымызды ұсынамыз.
Жақсылық Үшкемпіровтың ашылу салтанатына келген сәті
Ашылу салтанаты алдында
Қазақстан Республикасы Әнұраны орындалған сәт
Шығыс Қазақстаннан келген Серікхан ақсақал Жақсылық Үшкемпіров пен халық алдында өз арнауын орындады
ҚР спорт агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов сөз сөйлеп, барлық жұртшылықты игі істің мерекесімен құттықтады
Ауыл ақсақалы Советхан қария ақ батасын берді
Спорт кешенінің лентасын ардагер палуан Әбілсейіт Айханов пен ағасы Сәт Тоқпақбаев кесті
Ермахан Ибрайымов пен Бақтияр Артаев бокс залында
Жас палуандар белдесуді бастап та кетіпті
Жаттығу залынан көрініс
Жақсылық Үшкемпіровтың бас бапкері Вадим Александровия Псарев шәкіртінің игі ісіне жиналған әлеуметті құттықтады
Спорт кешеніне сыйлықтар тарту етілді
Әбілсейіт Айханов бастаған қазақ спортының саңлақтары ақ батасын берді
Ашылу салтанатының соңы мерекелік концертке ұласты
Қонақтарға арнап қонақүйлер де тігілген
Жақсылық Үшкемпіров ауылдың жас палуандарымен бірге
Жақсылық Үшкемпіровпен тілдесудің сәті де түсті
Жақсылық аға бүгінгі игі ісіңіз бен азаматтығыңызға дүйім жұрт риза болып отыр. Спорт кешеніңіз құтты болсын! Бүгінгі қазақ жастарының күреске деген қызығушылығы сізді қуандыра ма?
- Әрине. Осы спорт кешенін бастағалы қаншама жеткіншек келіп, "Қашан ашылады аға? Біз де сіз секілді Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы болайықшы" деді. Бүгінгі жастар да осы ашылу салтанатына келген қазақ спортының саңлақтарын көріп, келешекте біз де осы кісілердей боламыз деп талпынары анық. Ең бірінші барлығы ел арқасында болады. Мен осы деңгейіме, елімнің арқасында жеттім. Ендеше ел жақсылығын жақсылықпен қайтаруым керек емес пе? Сондықтан өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөлейін деп, осы спорт мектебін ашып отырмын.Әрбір ауылдан осындай спорт кешендері ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Келешекте осы табалдырықтан түлеп ұшқан Олимпиада мен Әлем чемпиондарын көрсем деген арманым бар.
- Әңгімеңізге рақмет! Арманыңыз бүкіл қазақ баласын алға жетелесін!
Суреттерді түсірген және дайындаған: Өмірбек Сансызбай