Иванға имандай сенім
91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Иван Дычко венгр Иштван Бернадтпен алғашқы кездесуін өткізді.
Үш бөліктің қорытындысы бойынша, Дычко сөзсіз жеңімпаз деп танылды. Қазылар алқасы бір ауыздан қазақстандық былғары қолға шеберіне жеңісті берді.
Аса ауыр салмақтағы кездесу жұрт күткендей болмады. Бұл тұста Иван Дычконың алға ұмтылып, алғаусыз арындап тұрғанын айта кеткіміз келеді. Ал венгр боксшысының әзіл-сықақтан арыға бара алмағаны көрініп қалды. Кезі келгенде Иванға езу көрсетіп, айла-тәсілінен ажыратам деп ойлағанмен, жұдырықтасуға келгенде қатты жеңілгенін білді.
Жалпы, қостанайлық мектептің өкілі саналатын Иван Дычко аса ауыр салмақта өз бабында жүр. Жұртшылықтың көп үміт артатын спортшысы ел байрағын желбіретер деген ойдамыз.
Ертеректе 81 келі салмақта Әділбек Ниязымбетов косоволық Армендо Хохайемен кездессе, 60 келі салмақта Берік Әбдірахманов пен неміс елінің өкілі Роберт Харутюнян жұдырықтасқан болатын. Екі жекпе-жекте қазақ боксшыларының пайдасына шешілді.
Кешкі кездесулерде Ілияс Сүлейменов (52 келі) қырғыз елінің үкілеген үміті Азат Үсенәлиевпен кездессе, Данияр Елеусінов (69 келі) Сүлеймен Сиссохомен (Франция) ширек финал жолдамасын сарапқа салады.
Бокстан Алматыда өтіп жатқан Әлем чемпионаты 26 қазанға дейін жалғасады.
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
Сурет: tengrinews.kz